Шымкенттегі тергеу изоляторында қазір 700-ге жуық адам отыр. Оның жүзден астамы қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде ұсталғандар.
Тергеу изоляторына барған «ОТЫРАР» телеарнасының журналистеріне қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған азаматтармен сұқбаттасу сәті түсті.
3 смартфон ұрлаған азамат бостандықты армандайды
Тілшілерге Алматы қаласындағы бүлік кезінде телефон ұрлаған жігіт өз оқиғасын баяндап берді. Мегаполисте жұмыс істеп жүрген ол қаңтардың 5-і күні достарымен бірге дүкенге шығады.
«Алматыда кешке магазинге шықтық. Магазиндер сындырылып, тоналып жатты. Соның ішіне кіріп бір-екі телефон алып шықтық. Ақша керек болды. Барлығы алып жатқан екен. Соны көріп бізде алдық»,-дейді.
Алматыда орын алып жатқан тәртіпсіздіктен кейін ер адам Шымкентке қайтпақ болады. Бірақ постта ұсталады. Күдікті кінәсін толық мойындап отыр. Әрі істеген әрекетіне өкінетінін жеткізді.
«Мен бұл ісіме қатты өкінемін. Енді бұл қайталанбайды. Уәде беремін. Ешқандай митингке қатыспаймын, ұрлық жасамаймын. Шынымен қатты өкініп жатырмын. Бәрі жастықпен болды».
Тергеу изоляторында мұндай оқиғалардың жүзін тыңдауға болады. Ұсталғандардың басым бөлігі шеруге кездейсоқ тап болған. Біреуі дүкенге барса, енді бірі досын немесе ағасын іздеп алаңға шыққан. Салдарынан өздері темір торға тоғытылып отыр.
Бүгінде қаңтардағы тәртіпсіздікке байланысты ұсталғандардың 37-і қамаудан босатылды. Ал қазір Шымкеннттегі тергеу изоляторында 67 адам отыр.
Журналистер тергеу изоляторының дәрігерлерімен де тілдесіп көрді. Медицина қызметкерінің айтуынша, мұндағы азаматтардың басым бөлігі жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен созылмалы аурулармен емделеді екен. Ал жарақат алу фактісі бойынша шағым жоқ. Түсірілім кезінде медбике невропатологтың қабылдауына жазылған ұсталғандардың бірін тексеріп жатыр еді.
Тергеу изоляторындағылар тек камерада тамақтанады. Бүгін түскі асқа ет қосылған сорпа беріледі екен. Аспаздың сөзінше, колонияда азық-түлік тапшылығы жоқ.
Ал тергеліп жатқан азаматтар ешқандай қысымның жоқ екенін алға тартты. Әрі дер кезінде медициналық көмек көрсетіп, уақытылы тамақ береді деді.
Мөлдір Ибадуллаева