Пәтерақының 50 пайызын мемлекет төлейді: Қандай құжаттар өткізу қажет?

1157

«Жалдамалы пәтер ақысының 50 пайызын мемлекет төлейді». Бұл жаңалық дүйім жұрттың құлағына жеткенімен, жұрт әлі күнге дейін қайда барып өтініш қалдыруды білмейді. Қандай құжат керек? Қашаннан бастап өтінім қабылданады? Бұл жеңілдікті алуға кімдердің мүмкіндігі бар? 

Жалдамалы пәтер жағалап жүрген 70 мың қазақстандықтың баспанаға қол жеткізуі жеңілдейді. Өйткені бұл отбасылардың жартылай пәтер ақысын төлеуге мемлекеттен 50 млрд. теңге бөлінді. Алайда, бұл көмекті алу үшін мұқтаж отбасылар үй кезегінде тұруы қажет.

Шымкент қалалық тұрғын үй басқарма басшысының айтуынша, жалдамалы пәтерге субсидия алу үшін бірнеше шарт қарастырылған. Яғни, әрбір отбасы мүшесіне шаққанда соңғы 6 айдағы жиынтық табысы 36 018 теңгеден аспауы қажет. Ал мегаполисте барлық талапқа сай 8841 отбасы бар екен.

Ғалымжан Өтенбаев, Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы:
«Көп балалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар жалдау ақысын субсидиялауға өтініш тапсыра алады. Алайда үміткерлер тұрғын үй алу кезегінде тұрулары қажет. Олардың әрбір отбасы мүшесіне шаққанда соңғы 6 айдағы жиынтық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір мөлшерінен аспауы тиіс (2022 ж. 1 КМ – 36 018 теңге)».

Мемлекеттен берілетін бұл жеңілдікті алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Көмекке мұқтаж жандардың тізімін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жариялайды. Ал Отбасы Банк аталмыш бағыттың операторы ретінде жалдау ақысын субсидиялау мүмкіндігі туралы тізімдегі азаматтарды хабарландырады.

«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ баспасөз қызметі:

«Ол кезде үміткер, банк филиалына келмей-ақ, Baspana market платформасы арқылы онлайн өтініш бере алады. Ол үшін қазақстандықтардың ЭЦҚ кілті болуы қажет. Өтініш берушінің кірісі платформада тексерілгеннен кейін ол өзіне қолайлы баспана тауып, оны жалға алу шартына онлайн қол қойып, тіркейді. Содан кейін ағымдағы шот ашып, жалға алу құнының 50 пайызын сол жерге аударады. Банк өз тарапынан қалған 50 пайызын аударып, жалға алушының төлем тәртібін одан әрі қадағалайды».

Алайда цифрлық платформа 15 наурызда ғана іске қосылады. Жоба алғашында пилоттық режимде жұмыс істейді. Бұл туралы үкімет отырысында баядама жасаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. Айтуынша, жұмысты автоматтандыру үшін 6 министрліктің деректерін интеграциялау керек. Сондықтан өтінімді қабылдау 5 сәуірге жоспарланып отыр.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
«Платформа электрондық цифрлық қолтаңба арқылы өтінім беруді және өтініш берушінің қойылатын талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексеруді көздейді. Ол Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Әділет министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті, Білім және ғылым министрлігі, Еңбек министрліктердің мемлекеттік деректер базаларымен интеграциялау арқылы іске асырылады. Өтінімдерді қабылдауды 5 сәуірден бастауды жоспарлап отырмыз»

Айта кетейік, жоғарыда аталған отбасылар пәтер ақысының 50 пайызын мемлекеттен алады. Бірақ, министрлік жариялаған тізімнің ішіндегілер ғана онлайн өтініш беруі тиіс. Ал өзге талаптарға сәйкес келмейтін жалдамалы пәтерде тұратын азаматтарға, өкінішке қарай, бұл жеңілдік қарастырылмаған.

                                                                                           Мөлдір Ибадуллаева