Қажылық сапарға алып барамын деп, шымкенттік тұрғын танысын 700 мың теңгеге алдап кеткен

99

 

Еңбекші ауданы Полиция басқармасына «102» арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, танысы қажылық сапарға алып барамын деп сендірген. Алайда бұл қызметіне сыйақы ретінде 700 000 теңге сұрап есепшотына аудартып алған. Арада уақыт өте әлгі танысы телефон қоңырауларына жауап бермей, не ақшасын қайтармай ізін суытқан.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) тіркеліп, жедел-іздестіру шаралары жүргізілген. Нәтижесінде, 26 жастағы жергілікті тұрғын қала аумағынан ұсталып, тиісті басқармаға жеткізілді. Тергеу жұмыстары барысында анықталғандай ұсталған азамат арызданушыдан алған қаражатты өзінің бас пайдасы үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Сондай-ақ, оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысының бар жоғы анықталып жатыр.

Өз кезегінде, Шымкент қаласының полицейлері қала тұрғындары мен қонақтарына алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін күмәнді көмек ұсынатын азаматтардан сақ болу керектігін ескертеді.

Егер Сіз, алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» арнасына хабарласыңыз.

QAINAR KÓZШымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі