Қорғаныс министрлігі сыбайлас жемқорлықты төмендету жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастыруда

128

 

Әскери ведомствода Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнаманың сақталуын бақылау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Басты тақырып Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру төңірегінде болды.

– Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жариялағаны баршаңызға мәлім. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2022-2026 жылдарға арналған мемлекеттік тұжырымдамасын іске асыру барысында біздің комиссияға маңызды міндеттер жүктелді. Бүгін биылғы бірінші отырысты өткізіп отырмыз. Әскердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын бюрократияны жоюға, айқындық пен ашықтықты арттыруға бағыттаймыз, – деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның төрағасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.

Әскери ұжымдарда сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтың алдын алу, оны жасауға ықпал еткен себептерді, сондай-ақ ахуалды анықтау мен жою қорғаныс ведомствосы қызметінің басым бағыты болып қала бермек.

Жаңа қаржы жылының ашылуы алдында өткізілген комиссияның 2022 жылғы бірінші отырысында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізуде қабылданатын шараларға, сондай-ақ тіркеу және шақыру науқандары барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларына ерекше назар аударылды. Қызметтің осы бағыттарында туындауы мүмкін жемқорлықтың тәуекелдерін қарау қажет.

Отырыс барысында Қорғаныс министрлігінің комиссиясы Қарулы Күштердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021 жылғы қызметтің қорытындысын шығарды. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 2020 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге төмендегені атап өтілді.

Ведомствоның сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясы он отырыс өткізіп, 176 ұсыным әзірледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі гарнизон комиссиялары өзекті мәселелерді талқылау жөнінде 180-нен астам іс-шара, құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлерінің қатысуымен 300-ден астам кеңес ұйымдастырды.

Сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алудың заманауи тәсілдерінің бірі цифрландыру болып табылатыны атап өтілді. Ол азаматтар үшін қызметтердің қолжетімділігін ғана емес, бірінші кезекте рәсімдердің ашық өтуін қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы цифрландыру жөніндегі жұмыста басымдықтар нақты белгіленуі тиіс деп атады.

Осы бағыттағы жұмыс шеңберінде жергілікті әскери басқару органдары мен әскери полиция бөлімшелерінде «Қарулы Күштер – адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің жұмысы жандандырылды. Басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциялауымен «Цифрлық жергілікті әскери басқару органы» пилоттық жобасы әзірленді. Әскери полиция «Әскери сенім» мобильді қосымшасын іске қосты. Онда 3 000-нан астам адам тіркеліп, әлеуметтік, қаржылық және құқықтық сипаттағы мәселелер туралы 134 хабарлама қабылданды.

Отырыста қорғаныс ведомствосының лауазымды тұлғалары баяндама жасады. Атап айтқанда, Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы полковник Сәкен Жүсіпов жасаған баяндамасында мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы халықпен түсіндіру жұмысы, азаматтарды мерзімді әскери қызметке және әскери жиындарға шақыру, сондай-ақ жеке құраммен жеке-тәрбие жұмысы жергілікті әскери басқару органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің басты бағыттары болып табылатынын атап өтті.

Ел Президентінің тапсырмаларын іске асыру аясында генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов бірқатар міндеттерді белгіледі.

– Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың және Қарулы Күштердің барлық құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, әскер түрлерінің бас қолбасшылары, тектердің, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің қолбасшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өзінің қызметтік жұмысының басты бағыты деп есептеуі тиіс. Олар әрбір бағынысты әскери қызметшіге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі әрекетсіздігі үшін жеке жауапкершілік жүктелетінін жеткізуге міндетті, – деп атап өтті комиссия төрағасы.

Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру кезінде бюрократиялық процесті жою, олардың айқындығы мен ашықтығын кеңейту маңызды бағыт болып белгіленді.

Әскери қызметшілерді тағайындау кезінде олардың моральдық қасиеттерін, полиграфологиялық зерттеу нәтижелерін, сондай-ақ олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдауға қатынасын ескеру туралы нұсқаулар берілді. Командирлерге (бастықтарға) сыйлықтар берудің, сондай-ақ рұқсатсыз қаражат жинаудың жолын кесу жүктелді.
Тамақтандыруды ұйымдастыру саласында Сарбаздар аналарының комитетін, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызметтерді тарта отырып қоғамдық бақылау шараларын қабылдау қажет.
Құрылымдық бөлімшелердің басшыларына, әскерлердің бас қолбасшыларына және қолбасшыларына сеніп тапсырылған және бағынысты бөлімшелердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ұдайы анықтау және талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияға оларды жою жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды.