Бекітілген жоспарға сәйкес Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бас инспекциясы Шымкент гарнизонында орналасқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты механикаландырылған бригадада кешенді тексеру жүргізуде.
Тексерудің мақсаты – әскери бөлімнің белгіленген мерзімде жүктелген міндеттерді орындауға дайындық деңгейін айқындау. Тексеру барысында негізгі назар қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйіне аударылуда. Инспекцияның алғашқы кезеңінде бөлімшелердің белгіленген аудандарға шығуымен автомобиль және бронетанк техникасы тексерілді.
Тексеру шаралары тұрақты орналасу пункттерінде де, сондай-ақ оқу полигондарындағы далалық жағдайларда да өткізілуде. Жеке құрамның моральдық-психологиялық ахуалына, кәсіби даярлық деңгейіне және бөлімшелердің өзара үйлесімділігіне ерекше мән берілуде.
Әскери қызметшілер тактикалық, арнайы, мемлекеттік-құқықтық және дене дайындығы бойынша сынақтар тапсыруға кірісті. Сонымен қатар басқару пункттері «Дарбаза», «Арыс» және «Айша бибі» полигондарына шығарылып, онда комиссия атыс даярлығы, жауынгерлік және автомобиль техникасын жүргізу, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау нормативтерінің орындалуын бағалауда.
Бұдан бөлек, әскери бөлімнің материалдық қорларының бар-жоғы мен жай-күйі де тексерілуде. Инспекция жұмысының бірінші аптасында әскери қызметшілердің жеке даярлығына, ал екінші аптасында бөлімшелердің жауынгерлік үйлесімділігіне басымдық беріледі.
Тексеру қорытындысы бойынша механикаландырылған бригаданың жауынгерлік әзірлігіне және жүктелген міндеттерді орындау қабілетіне кешенді баға берілетін болады.







