Құтқарушылардың есімі ұлықталды

373

Бейбіт елдің батырлары. Шымкентте өзге үшін, өз өмірін қиған құтқарушылардың есімі ұлықталды. Қызмет бабында қайтыс болған қызметкерлердің есемі жазылған тақтайша, өздері тұрған үй іргесіне ілінді. Артында қалған отбасын қамқорлыққа алған төтеншеліктер тосыннан сый жасап, балаларына да базарлық үлестірді.

«Жаратқаның жұмақтан орын берсін,
Жамағатын ер жүрек батыр десін.
Тағзым етсін үйіне келген адам,
Өйткені сен от кешкен жауынгерсін»

Бұл өлең шумақтары қызметте жүріп, қаза болған Жұлдызбек Тұрарұлына арналады. Өрт сөндіруші өзіне жүктелген жауапкершілікті атқару кезінде мерт болған. 37 жасында қаза болған қатардағы қызметкердің өмірін осыдан төрт жыл бұрын, дәрі-дәрмек қоймасында тұтанған өрт жалмаған. Ерлігі ел есінде болғандықтан, үйіне естелік тақтайша орнатылды.

Дәл осындай тақтайша Алпысбаев Бақыт Алтынбекұлының тұрған үйіне ілінді. 25 жасында жалынмен күресіп, өмірі сөнген Бақыт Алтынбекұлының ерлігі әлі күнге дейін әріптестерінің көз алдында.

Төтенше жағдай депаратаментінің ұжымы бастаған игі шара, көпке үлгі. Қызметін адал атқарған қызметкерлерінің жан қиярлық ерлігіне тағзым етіп, арттарында қалған отбасына қамқор болып келеді. Бұл жолы марқұмдардың балаларын мектепке дайындап, қажетті құралмен қамтыды.

Айта кетейік, соңғы бес жылда дәл осындай үш жағдай тіркелген. Жыл сайын 19 – қазан күні төл мерекесін атап өтетін төтеншеліктер құтқарушылардың жанкештілігі мен кәсібилігіне алғыс білдіруді ұмыт қалдырған емес.

Қасымхан Хамытбек