Шымкенттіктер көшені кеңейтіп беруді сұрайды

126

«Ынтымақ» шағынауданының тұрғындары билік өкілдеріне наразылығын білдірді. Аудан халқының уәжін депутат Әйгерім Жұмақұлова тыңдап қайтты.

Ынтымақ шағынауданының тұрғындары көше жолын кеңейту мәселесіне шағымданды. Олардың айтуынша, қоғамдық көлік көшеге бұрылған кезде аяқжолдың үстімен жүретін көрінеді. Себебі – көше тар.

Тұрғын: «Мына тротуар жылжыту керек ары. Қазір автобус келеді, тротуардың үстімен жүреді. Мұнда екі көлік сыймайды. Онымен қоса, балалар үшін де уайымдаймыз. Бұл жерде жаяу жүргіншіге тұрмақ, көлік жүретін орын жоқ. Сонда біздің балалар аялдамаға қалай жетеді?».

Тұрғындар атаулы мәселе бойынша түрлі құзырлы орындарға шағымданыпты. Алайда, нәтиже болмаған. Сол себепті сауалдарын депутатқа жолдауды жөн көріпті. Әйгерім Жұмағұлова мәселені жауапты сала өкілдеріне жеткізді, ал сала мамандары мәселені шешуге болатынын, дегенмен, оны алдымен егжей-тегжейлі зерттеу керектігін айтты.

Әйгерім Жұмақұлова, «Nur Otan» партиясының депутаты: «Шағым түсіп жатыр, енді мәселені шешуді тездету керек. Біз тұрғындардың барлық сұрағын құзырлы орынға жеткізіп қана қоймай, олардың орындалуын қадағалаймыз».

Гүлдана Дәурен