Úı ANONS Ономастика: Қаладағы жеті көшеге ардагерлер есімі берілген

Ономастика: Қаладағы жеті көшеге ардагерлер есімі берілген

Шымкентте атауы қайталанатын ондаған көшеден бөлек, мектептер де бар. Мамандар бұл кемшілік ономастика заңымен кезең-кезеңмен реттеледі деп отыр. Сонымен қатар, қазір өз қызметтік борышын өтеп жүрген 20 адамға көше атауын беру ұсынысы жасалған.

Дәл қазір мегаполис болғалы Шымкент аумағына кірген Шапырашты ауылындағы 7 көше бір атаумен тұр. Нақтырақ айтқанда, Наурызбай батыр көшесі деп аталады. Тұрғындардың сөзінше, мұны ретке келтіру керек.

Қалия Исмаилова, Шапырашты ауылының тұрғыны: «Мен үйдің документін істегенде бір көшенің аты болмады. Шырымбек ата деген ғана көше болды. Соның бір нөмірін алдық та қоя салдық. Көшенің аты болуы керек. Әр көшенің аты болуы керек. Нөмірі болуы керек. Тез табуы керек. Жедел жәрдем келсе».

Бұл мәселеге қатысты әкімдіктің өз уәжі бар. Қала әкімінің орынбасары әрі ресми өкілі Сәрсен Құранбектің баспасөз мәслихатында айтуынша, 7 көшенің атын өзгертуге кей тұрғындар қарсы болған.

Ресми мәлімет бойынша, жалпы кез-келген, мысалы, көше, аллея, саябақ, тіпті қалаға атау беру Ономастика заңымен реттеледі. Әр аймақтың сәулет және қала құрылысы басқармасы жоспарлау кезінде әр көшені шартты түрде нөмірлеумен шектеледі. Ал атау беру жергілікті тұрғындардың араласуымен шешіледі.

Өткен жылы Шымкентте атау беруге байланысты 385 дерек тіркелген. Оның ішінде 265 көшенің атауы қайталанған. Шымкент республикалық статусқа ие болғанда, қазіргі Түркістан облысындағы аудандардан қала аумағына ондаған ауыл кірді. Соған байланысты қазір тіпті кей мектептердің де атауы бірдей болып тұр. Бұл да өзгертуге жатады дейді ресми өкіл.

Әкімдік дерегінше, ономастика саласында атқарылған жұмыс көп. Айталық, Ұлы Отан соғысы ардагерінің жетеуіне көше атауы берілген. Ал өзінің қызметтік борышын орындау кезінде қаза болған 20 адамның атын көшеге беру ұсынысы жасалған.

Дилара Иса