Úı ANONS Негізгі 37 көшеге гүл отырғызылады

Негізгі 37 көшеге гүл отырғызылады

Дәл қазір қала көшелерінің бойына көпжылдық гүлдерді отырғызу үшін қоршау қойылып жатыр. Мамандар бұл қалаға сән береді әрі бюджет қаржысын үнемдейді дейді. Сонымен қаланың қанша көшесіне қандай гүлдер отырғызылады? 

Биыл қала  көшелері мен қоғамдық орындар әр түрлі гүлмен көмкеріледі. Негізгі 37 көшенің жағалауына арнайы гүл отырғызу орындары қазірден дайындалып жатыр. Кейбірі сәндік габион тастармен қапталады. Оған құнарлы топырақ салынып, тамшылатып суару жүйесі жүргізіле бастады.

ШАМИЛЬ РАЗАКОВ, АГРОНОМ: «Неге қоршап жатырмыз? Өйткені қыста қар тазалағанда химиялық заттар топыраққа түседі. Оның үстіне кей тұрғындар көгалмен жүріп, таптайды. Қазір топырақ төсеп, суару жүйесін жүргізіп жатырмыз. Сосын көшет егеміз. Қазірге Желтоқсан көшесі мен Д.Қонаев көшесінде жұмысты бастадық».

Бұл жерлерге негізіген көпжылдық гүлдер отырғызылады. Дәл қазір 1,6 миллион дана гүл көшеті жылыжайларда дайын тұр деуге болады. Бұл қандай гүлдер? Мискантус, примадонна, аризона және лаванда сияқты көпжылдық гүлдердің ондаған түрі бар.  Тұрғындардың пікірінше, гүл қаланың көркіне көрік қосып, сән сыйлайды.

«Енді қала әдемі болып тұрғаны жақсы ғой. Жайрап, балалар жүгіріп өте салады жолдан. Бұл да дұрыс шығар. Дұрыс деп ойлаймын».

«Бізде гүлді жақсы егеді. Барлық жерге қызғалдақ егеді. Бұл – дұрыс. Қаланы әсемдейді. Эстетикасын жақсартады».

«Әдемі көрінеді, ерекше леп беріп тұрады».

Көпжылдық гүлдердің ерекшелігі — олар жыл сайын қайта отырғызуды қажет етпейді. Бір рет егілген өсімдіктер бірнеше жыл бойы гүлдеп, қала көркін ашады. Бұл өз кезегінде көшет сатып алу мен отырғызу жұмыстарына жұмсалатын шығынды азайтады. Бюджет қаржысын үнемдеуге сеп болады.

Айта кетейік, биыл Шымкентте 4 миллион гүл отырғызу жоспарланған. Гүл өсірушілер рекорд орнатамыз деп сендірген. Жалпы гүлді  6 мердігер компания егеді. Бюджет есебінен маусым бойы күтіп-баптайды.

Дилара Иса