Ақылы жолдың құнын алдын ала төлегендерге 50% жеңілдік бар – ҚазАвтоЖол

137

Қазақстанда ақылы жол қызметін пайдаланатын жолаушылар тарифті алдын ала онлайн төлесе, оларға 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ақы төлеу бекетінің аға операторы, кассир Елдос Мәкенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз қазір Жібек жолы ақы төлеу бекетінде тұрмыз. Автожол 8 жолақтан тұрады. Бекетте 3 оператор жолаушылардың ақы төлеу процесі мен қауіпсіздігін қадағалайды. Қажет жағдайда жолаушыларға ақылы жолға қатысты процестерді түсіндіреміз, сауалдарына жауап береміз. Біздің басты мақсат – автокөліктердің кедергісіз жүруін қамтамасыз ету және жолаушыларға консультация беру. Бізде ақылы жолдар бойында бекеттің 2 түрі бар. Бірі оператор арқылы қадағаланса, екінші түрінде онлайн бақылайды, бекеттен шлагбаум арқылы өтеді», – деді Елдос Мәкенов «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ұйымдырған баспасөз турында.

Оның айтуынша, жол ақысын алдын ала төлеуге немесе сол жерде қолма қол төлеуге де болады. «Ақылы жолдың құнын түрлі мобильді қосымшалардың көмегімен төлеуге болады. Одан бөлек, бір жылдық абономент сатып алу мүмкіндігі де бар. Тарифке келсек, әр жол учаскенің бағасы әртүрлі. Қазір біз «Нұр-Сұлтан – Теміртау» бағытындағы тасжолда тұрмыз. Сонымен қатар төлем көліктің түріне 3-ке бөлінеді. Ол ауыр жүк көлігі, газель және жеңіл автокөліктер. Тиісінше бағалары да әртүрлі. Жалпы саны 7 тариф түрі бар. Бағаға келсек, жеңіл автомобиль үшін егер жолаушы ақылы жол аумағына жетпей тұрып, алдын ала төлесе 200 теңге, ал бекетке келіп, сол жерде төлесе, онда 400 теңге. Демек алдын ала төлесеңіз 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Бұл жолаушылар үшін тиімді деп ойлаймын», – дейді ол.

Аталған бекетке тәулік бойы 3 оператор, 1 кассир және 1 электрик жұмыс істеп, ақылы жолдың қызметін қамтамасыз етеді. «Қыстыгүні жұмыс күндері тәулігіне 3 мыңнан 4 мыңға дейін, ал демалыс күндері 5 мыңның шамасында көлік жүреді. Егер көлік жүргізушісі бекеттен ақы төлемей өтіп кетсе, ол жағдай бейнебақылау арқылы есепке алынады. Содан соң көлік иесіне ақы төлеу керектігі туралы хабарлама жіберіледі», – дейді оператор.