Елімізде балалар жазда сабақ оқитын болды

91
фото 24.кз

Қаңтар оқиғасы мен пандемия кезінде сабақтың тоқтатылуына байланысты Қазақстанда жазғы мектептер жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Тиісті жарлыққа қол қойылды.

«Біздің оқу жылымыз 25 мамырда аяқталады. Мен кеше тиісті бұйрыққа қол қойдым. Бірақ соған қарамастан, қаңтар айында белгілі жағдайларға байланысты біраз уақыт оқи алмадық. Сонымен қатар, пандемия салдарынан білімімізде өте үлкен және елеулі кем-кетіктер болды», — деді Асхат Аймағамбетов.

Министр өткен жылы елімізде жазғы мектептер жұмыс істегенін еске салды. Оның айтуынша, басқа елдерде балалар орта есеппен жылына 190-нан 200 күнге дейін оқиды, ал Қазақстанда оқу жылы 145 күнге созылады.

«11 жыл ішінде бұл үлкен айырмашылық. Бұл білім сапасына әсер етеді. Нәтижесінде, шартты түрде бір күнде осы 145 күнде үлкен жүктеме болса, басқа елдерде бұл жүктеме одан да көп күндерге созылады. Қазір зерттеу жүргізіп жатырмыз, нәтижесі жақын күндері белгілі болмақ. Баршаңызға міндетті түрде хабарлаймыз», — деді Асхат Аймағамбетов.