Ө.Шөкеев: «Түркістан өңірінде инфрақұрылым саласы бойынша үлкен еңбек бар»

76

Түркістанда 2022 жылы 53 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынып отыр. Жалпы аумағы 217,7 мың шаршы метр болатын 3432 пәтерді тапсыру жоспарланған. Бұл туралы Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлімдеді.

Шаһарда абономенттердің 90,2% табиғи газды пайдаланып отыр. Осының арқасында шаһардың экологиялық жағдайы анағұрлым жақсарған. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев қаланы дамыту, инфрақұрылымды жақсарту бағытында жүйелі жұмыс атқарылғанына тоқталды.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Жалпы инфрақұрылым мәселесіне баса көңіл бөлу керек. Көп шаруа атқарылды. Инфрақұрылым – көзге көрінбейтін жұмыс. Бірақ қайбір қала болсын, оның маңызы өте зор. Халықтың өмір сапасының артуы осы инфрақұрылымға байланысты. Айталық, Түркістан қаласы газдандырылғандықтан қазір бұрынғыдай түтін жоқ. Екі жылда бір қала газдандырылды. Бұл – үлкен еңбек. Жол төсеу, көгалдандыру, сумен қамту бағытында да оң өзгерістер бар. Дегенмен жұмысты әлі де жандандыру қажет. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – міндетіміз».

Әлихан Файзханов