Түркістан облысындағы қарттар үйінде 200-ге жуық қария өмір сүреді. Мамандардың айтуынша, бұл Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіш. Арнамыздың түсірілім тобы облыстық №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, қариялармен тілдесіп қайтты. Ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер мұнда қалай тап болды? Оларға қандай жағдай жасалған?
«Бір көргеннен ғашық болдым» деп қалжыңдаған Өмірәлі Бектасұлы жұбайымен қарттар үйінде танысып, 2015 жылы шаңырақ көтерген. Содан бері бір-бірінің жағдайын жасап, тату-тәтті өмір сүруде. Ал бұрынғы отбасы, яғни балалары әкесінен бас тартқан екен.
Өмірәлі Бектасұлы, зейнеткер: «Қарттар үйіне 2010 жылдың қазан айында келдім. Бұл жерде барлық жағдай жасалған. Әйелімді жақсы көремін, сыйлаймын. Менің барлық жағдайымды жасайды. Бос уақытымызда бірге теледидар қараймыз, әңгімелесіміз. Жалғыз болсаң ішің пысады. Екі адам болса көңілдірек. Ал балаларымды сағынамын, әрине. Бүгінге дейін зейнетақымды жинап оларға жіберіп отырамын «.
82 жастағы Өмірәлі Бектасұлының жұбайы өзінен 4 жас кіші. Екі жарты бір бүтін болған ерлі-зайыптылар бүгінде бақытты өмір сүріп жатқандарын айтады. Әрі уақытымыз өте көңілді өтеді дейді.
Бүгінде балалар үйінде тәрбиеленген апаның жарынан басқа ешкімі жоқ. Қарттар үйін паналаған ол жолдасымды кезіктіргеніме қуаныштымын дейді.
“Мен балалар үйінде өскем. Басқа ешкімім жоқ. Бір қызым болған, бірақ кішкентай кезінде қайтыс болды. Ал қазір біз жақсы өмір сүріп жатырмыз. Мүлде ұрыспаймыз. Енді отбасы болған соң сөзге келіспей қалатынымыз бар. Бірақ арасында ғана. Жалпы бір-бірімізді сыйлаймыз. Жақсы көреміз. Ол өте қамқор, үнемі мені уайымдап жүреді. Әрі тазалықты жаны сүйеді. Бірақ Өмірәлі балалары мен немерелерін сағынады. Мен оларға хабарласып, келіп көріп кетіңдер деп ұрсамын», дейді апа.
Ал 84 жастағы Бейімбет Таймасов қарттар үйіне отбасылық жағдаймен жарты жыл бұрын келіпті. Бұған дейін 20 жыл бойы жалғыз өзі пәтер жалдап тұрған. Ал ұлынан мүлде хабар жоқ. Үйленген соң қайда кеткенін білмеймін дейді қария.
Бейімбет Таймасов, зейнеткер: «Пенсияға шыққанша бақтым, қақтым… Содан кейін келмеді».
Қарияның айтуынша, бұл орталықта оларға жақсы жағдай жасалған. Үнемі денсаулығымызды бақылап отырады дейді.
Бейімбет Таймасов: «Жағдайым жақсы. Дәрігерлер күніне екі рет тексеріп кетеді. Төрт рет тамақ береді. Қыстық және жаздық киім береді».
Жалпы бүгінде Түркістан облыстық №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 167 адам бар. Өкінішке орай бұл, ел бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Мөлдір Ибадуллаева