Түркістан: Бірнеше аудандағы тұрғын үйлерді су басып қалған

80

Түркістан облысында апта бойы жауған нөсер салдарынан 4 ауданның тұрғындары зардап шегіп отыр. Жетісай және Мақтаарал аудандарында жерасты суы көтеріліп, қашыртқыдан аққан су баспана мен қора-жайларды басып қалған. Тұрғындар тіпті сыртқа шыға алмай отырғандарын айтады.

Жетісай қаласы мен оған қарасты 10 ауылдық округте жаңбыр салдарынан тұрғын үй мен қора-жайларға су кірген. Достық ауылында жерасты суы көтеріліп, үйлердің ауласына жайылған. Алпысбай Оңдыбаев қорадағы малды түгендемек түгілі, аулаға да шыға алмай қалдық дейді. Ақсақал бір аптадан бері жауапты мамандарды күтіп шаршағанын айтады.

Алпысбай Оңдыбаев, Достық ауылының тұрғыны: «Көрген күніміз осы, дәретханаға етікпен барамыз. Етікпен жүрміз, резеңке етікпенен. Қойларымыз, сиырларымызға дейін белуардан суда. Баратын жеріміз жоқ. Жас балаларымыз бар үйде, шыға алмайды. Кеше немеріміз суға түсіп кетті. Судың ішінен зорға шығарып алдық».

Достық ауылындағы кейбір үйлерде, тіпті жертөле суға толып, салдарынан қабырға көгеріп кеткен. Тұрғындардың біразы таныстарынан су соратын құрылғы әкеліп, айналаны тазартып жатқан көрінеді. Ал оны да таппағандар судың ортасында өмір сүруге мәжбүр.

Зәйіт Тіңірбергенов, Достық ауылының тұрғыны: «Мынау ағып жатқан су жоқ. Ауылда дренаж жоқ істеп жатқан. Су бақшаға жиналып жатыр. Кетпейді. Ағып кететін жері жоқ».

Қазыбек би ауылының іргесіндегі егінге жиналған су жауған жаңбырмен қосылып, тасып кеткен. Салдарынан елдімекендегі 30-ға жуық үйді су басқан.

Қалдығыз Байтұрсынова, Қазыбек би ауылының тұрғыны: «Бір апта болды су жатыр міне. Балаларымызбен шыға алмаймыз, ойнай алмайды. Көмек керек. Малдарымызды да байлай алмай жатырмыз».

Қазіргі таңда Жетісай ауданында арнайы штаб құрылған. Төтенше жағдай қызметкерлері жергілікті коммуналдық және су шаруашылығы мамандарымен бірлесіп, арнайы техникалардың көмегімен көше мен аулаларды судан тазартуда.

Талғат Досалиев, Түркістан облыстық ТЖД басқарма басшысы: «Ең көп су кіру жағдайлары Жетісай ауданында 36 тұрғын үйге, Мақтаарал ауданында 12 тұрғын үйге кіру жағдайлары болды. Осы су қашырту жүмыстарына 44 мотопомпа, 119 адам қатысты».

Ал жергілікті билік берген мәліметке сүйенсек ауданда жерасты суын соратын дренаждың басым бөлігі істен шыққан.

Әшірбай Тасов, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары: «Ауданда 392 тік дренаж болатын болса, бүгінгі таңда 82-сі жұмыс жасап тұр. 72-сі режимге сәйкес тоқтап тұр. 233-і жөндеуді қажет етеді. 113 тік дренажды бүгінгі таңға мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылып жатыр».

Сондай-ақ, екі аптадан бері жауған нөсер салдарынан Мақтаарал ауданына қарасты 2 кент пен 9 ауылдық округтегі көптеген үйдің ауласын су басқан. Қазіргі уақытта зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін азаматтық қорғау құрылымдарының 286 жеке құрамы мен арнайы техникалар жұмылдырылған.

Сонымен қатар, орын алған жағдайға байланысты аудандарда жедел желі іске қосылып, ауласын су басқан жандарға еріктілер тарапынан да көмек көрсетіліп жатыр. Дегенмен, тұрғындардың көңілі әлі де алаңдаулы, себебі синоптиктер тағы бірнеше күн нөсер жауын жалғасады деп отыр.

Гүлдана Дәурен