Түркістан облысындағы индустриалды аймақтар жұмыс істемей тұр

232

Түркістан облысының бірнеше ауданындағы индустриалды аймақтар іске қосылмай тұр. Қаржы бөлінбегеннен кейін бірқатар өндіріс алаңы тоқтап қалған. Ал Түлкібас, Шардара, Бәйдібек аудандарындағы индустриалды аймақтар жылдар бойы кәдеге аспай келген.

Индустриалды аймақтағы жиһаз цехында 200 түрлі өнім шығарылады. Ал қажетті шикізатты шетелден тасымалдап, дайын өнімді алыс-жақын қалаларға саудалайды. Бірақ, кәсіпорын басшысы индустриалды аймақтағы теміржол желісі пайдаға аспағаннан кейін, шығынға баттық деп отыр.

Камол Юлдашев, кәсіпорын басшысының орынбасары: «Мына ветканы, тупикті 2015 жылы салған. Тапсырған, бірақ жұмыс істемейді. Оны қайда барып айттық. Парламент депутаттары келді, мәжілісмендер келді, облыс әкімі ауысып жатыр. Қала әкімі жылына ауысады. Бірақ шешім таппай отыр».

Индустриалды аймақта кәріз жүйелері тартылып қойғанымен, іске қосылмаған. Жұмыс бастаймын деген кәсіпкерлердің қолын байлап отырған осы секілді тағы бірнеше мәселе бар. Сол себептен де аумағы 40 га өндіріс аймағында тек 17 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Мамандар өзге аудан-қалалардағы индустриалды аймақтарда да жағдайдың мәз емес екенін айтады.

Талғат Мамытов, «Turkistan» индустриялық аймақтарды басқарушы компаниясының басшысы: «Бәйдібек ауданы, Шардара ауданы және Түлкібас аудандарында индустриальды аймақ іске қосылмаған. Ол жерлерде қатысушылар жоқ. Түлкібас ауданында ішкі инфрастуктура тартылмаған».

Ал облыстың тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық басқармасы құрылысқа қажетті қаржы бөлінбегендіктен индустриалды аймақтардың кейбірі тоқтап тұр дейді. Кейбірінде кемшіліктер анықталған екен. Мысалы, осыдан 7 жыл бұрын ашылған Бәйдібек ауданындағы индустриялық аймақ әлі күнге дейін қолданысқа берілмепті.

Қуат Оңғаров, Облыстық энергетика және ТКШ басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы: «2015-2016 жылдарға қаралған отыз миллион теңгесі бөлінбей, сол себепті мердігер мекемемен біраз уақыт соттасу процестері жүргізіліп, қазіргі таңда ол мәселе толығымен шешіліп, ақша қысқартылып, сол арқылы енді мердігер мекемемен келіссөздер жүргізіліп, енді қабылдау процестері жүргізіледі».

Облыстағы индустриалды аймақтарда небәрі 29 млрд. теңгенің 40 жобасы жүзеге асқан. Сарапшылар болса, аталған нысандарда тариф құны кәсіпкерлер үшін тым қымбат дейді. Сол себепті қаржы құятын инвесторлар да жоқтың қасы.

Жанна Тілеубекова, «Атамекен» ҰКП облыстық филиалы директорының орынбасары: «Индустриялық аймақтарда коммуналдық қызмет тарифтері бойынша жеңілдіктер қарастырылмаған. Электр энергиясының құны қымбат. Көрші Өзбекстанда «Навои» және «Сырдария» индустриялық аймақтары бар. Ал онда кәсіпкерлер электр энергиясы үшін екі есе аз төлейді».

Түркістан облысындағы 9 индустриялық аймақтың үшеуі әлі күнге дейін іске қосылмаған. Қалғанында өндіріс аумағының тек 37 пайызы пайдаланылған.

Гүлдана Дәурен