Úı ANONS Сан соғып қалмау үшін туроператорларды қалай тексеру керек?

Сан соғып қалмау үшін туроператорларды қалай тексеру керек?

Туроператорды мұқият тексермесеңіз, демалысыңыз өкінішпен аяқталуы мүмкін. Өкінішке орай, бұған дейін қызмет көрсетушілердің салғырттығынан туристердің қиын жағдайда қалған кездері аз емес. Мұндай келеңсіздікке ұрынбаудың және сапардан көңіл қалдырмаудың жолдарын Туризм министрлігі түсіндіріп берді.

 

Туризм және спорт министрлігі демалысқа чемодан жинамас бұрын, туроператорды таңдауға жіті мән берген жөн дейді. Ол бойынша бірқатар кеңес те ұсынды. Мамандар турды сатып алуға асықпауға және әлеуметтік желідегі жарнамаға бірден сенбеуге шақырады. Алдымен міндетті түрде тексеру жұмыстарын жүргізіп алған абзал.

 

ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ

«Турды сатып алмас бұрын туристік агенттіктен сауданың заңдылығын және сіздің құқықтық қорғалуыңызды растайтын құжаттарды сұрап, тексеріп алу маңызды. Ең алдымен, агенттіктің туристік қызметті бастағаны туралы хабарламасының бар-жоғына көз жеткізіңіз. Турагенттік мемлекеттік электронды тізімге енгізілуі тиіс, бұл оның ресми мәртебесін айғақтайды».

 

Ең маңызды қадам — туристік қызмет көрсету туралы келісімшарт жасасу. Онда баратын ел мен сапар мерзімі, турдың толық құны, төлеу тәртібі мен уақыты, турдан бас тарту шарттары, тараптардың жауапкершілігі мен ақшаны қайтару механизмі егжей-тегжейлі көрсетілуі қажет.

 

ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ

«Қаржылық құжаттарға ерекше назар аудару керек. Төлем жасағаннан кейін міндетті түрде фискалдық чекті талап етіңіз. Ақшаны менеджерлердің жеке шоттарына аударуға мүлдем болмайды. Тек ресми төлем құжаты ғана жасалған мәміленің басты дәлелі бола алады».

 

Тур брондалып, құны толық төленгеннен кейін агенттік жолға қажетті құжаттардың бәрін беруге міндетті. Еске сала кетейік, оның ішіне қонақүй, тамақтану және трансфер туралы мәліметтері бар ваучер, авиабилеттер немесе маршруттық түбіртектер, сақтандыру полисі, сондай-ақ туристердің құқығына кепілдік беру жүйесіндегі қорғауды растайтын туркод кіреді.

Боткөз Әнуар