ҚР Бас прокуратурасы «Қайғылы қаңтар» оқиғасына қатысты ақапараттарды жариялады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 800-ге жуық адамның қамауда отырғаны айтылды. Ал бүгінге дейін тәртіпсіздікке қатысқан 152 азамат сотталған. Сондай-ақ қазір қызмет барысындағы әрекетсіздіктерге байланысты да тергеу жүргізіліп жатыр.
Қаңтар оқиғасына қатысқан 152 адам сотталды. Оның 17-і ауыр қылмыс жасағаны үшін темір торға тоғытылды. Ал кінәсін мойындаған 135 азамат бас бостандыған шектеліп, қоғамдық жұмысқа тартылды. Бұл туралы бас прокуратура брифинг барысында хабарлады.
Сондай-ақ прокуратура өкілдері тәртіпсіздік кезіндегі жантүршігерлік оқиғаны баяндап берді.
Елдос Қилымжанов, ҚР Бас прокуратурасы бірінші қызмет бастығының орынбасары:
«Осы уақытқа дейін қызметтік борышын орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан 19 әскери қызметтегі және болашақ офицерлердің қаза болу деректері анықталды. Мәселен, Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын күзеткен подполковник Хайыровтың өлімі кезінде ерекше цинизм көрініс тапты. Оның мәйіті ғимараттың төбесінен табылды. Тергеу көрсеткендей, зорлық-зомбылықпен өлген қызметкердің денесін өртеп жіберген. 39 жастағы сарбаздың отбасы мен 2 кәмелетке толмаған баласы қалды»
Елдос Қилымжанов полиция департаменті мен ҰҚК қызметкерлеріне қатысты да қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі таңда аталған жағдайға қатысты ең шулы 10 адамның ісі тергеліп жатыр. Оның тоғызы қызмет барысындағы әрекетсіздікке байланысты екен.
«Арнайы құрылымдар күш құрылымдарының жекелеген басшыларына қатысты тергеу жұмыстарын жалғастыруда. 5 қаңтарда Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында 2 полиция департаменті мен 3 ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің басшылары өз ғимараттарын қарумен қалдырғаны белгілі. Олардың барлығы күдікті деп табылды. Оларға қатысты қызмет бабындағы әрекетсіздік бойынша 9 қылмыстық іс қозғалды»,-дейді Елдос Қилымжанов.
Бүгінде арнайы прокурорлардың өндірісінде 262 қылмыстық іс бар. Оның ішінде 44-і террорзим, 47-і жаппай тәртіпсіздік.
Сондай-ақ 547 адам жаппай тәртіптсіздікті ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін күдікті деп танылды. Қазір олардың 269-ы қамауда. Жалпы ел бойынша 3702 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Елдос Қилымжанов, ҚР Бас прокуратурасы бірінші қызмет бастығының орынбасары:
«Бүгінгі таңда барлық қылмыстық іс бойынша 733 адам қамауда отыр. Санитарлық норма, тамақтану, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және басқалары бойынша оларға жағдай жасалған. Қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау — прокуратура қызметінің мінсіз бағытының бірі. Күдіктілерге қандай да бір қысымның болмауы мақсатында прокурорлар қызметтік ғимараттарды күнделікті тексереді»
Елдос Қилымжанов әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандарға да жаза қолданылатынын ескертті. Мәселен, қазірдің өзінде бұл бойынша 11 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Мөлдір Ибадуллаева