Шымкентте Асар-2 шағынауданындағы үйлерге газ беріле бастады

369

Шымкентте 3-Автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылғаннан бері, қала аумағындағы бірнеше елдімекендер көгілдір отынмен қамтылды.

Қазіргі таңда Асар-2 шағынауданындағы үйлер біртіндеп кезеңімен табиғи газға қосылуда. Олардың қатарында аталған аудандағы Тәуелсіздік және Алтынтөбе тұрғын алабтары да бар.

10 мыңға жуық тұрғыны бар Асар шағынауданы газдандырылуда. Байғараевтар отбасының үйі газ жүйесіне алғашқылардың бірі болып қосылды. Бастапқыда газ баллонын 2 мың теңгеден сатып алған отбасы енді тәулік бойы қиналмай көгілдір отынды тұтынады.

Тұрсынай Байғараева, Асар-2 шағынауданының тұрғыны: «Газ болмағанда қыс бойы бір бөлмелі пәтер жалдап қалада тұрдық. Енді міне газ келіп қуанып жатырмыз».

Айта кететін жайт, көпбалалы отбасы газды қосып алу үшін және құжаттарды рәсімдеуге екі нүктеге 80 мың теңге төлепті. Отағасы ертерек қамданып, құжаттарды рәсімдеген. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы газды қосуға құжаттарды рәсімдеу мораториі алынып тастағанын айтады. Енді тұрғындар техникалық шарттар төлқұжатын тездетіп жасаса, газға кезекпен қосылады дейді.

Боранбай Болатбеков, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Асар-2-де  14 үйді бүгін газға,  ертең 25 үйді қосады. Үйлерді газ жүйесіне  үлгере алмай жатыр қосуға. Сондықтан ертеңнен бастап тағы екі бригада жұмыс істейді. Сондай-ақ шахар аумағында  Алтын төбе және Тәуелсіздік елдімекендері  газға қосылады».

Басқарма басшысы, АГРС-3 -тің іске қосылғаны енді шалғайдағы елдімекендерді сапалы табиғи газбен қамтуға мүмкіндік береді дейді.Газдың қысымы да қыс айларында талапқа сай болады деп күтіулде.

Шынар Оразова