Лифт ішінде зорлыққа ұшырай жаздадым деген шымкенттік келіншектің тергеу барысына көңілі толмайды. Қолында және құрсағындағы баласымен қоса қорлана жаздадым деген ол шақырамыз деп шығарып салған құзырлы органның әлі үнсіз отырғанын айтады.
25 мамыр күні Шымкенттегі лифт ішінде азғынның қолынан аман қалған Надежда әлі де есін жия алмай жүр. Құрсағымда балам бар екенін айтсам да, аузымды басып, тұншықтыруын тоқтатпады деген ол күдіктінің зорлық жасағысы келгеніне сенімді. Және құзырлы орган жүргізіп отырған тергеу жұмыстарына күмәнмен қарайды.
Надежда, жәбірленуші: «Тергеушілер сараптамаға шақырамыз деген еді. Бірақ, одан әлі ешқандай хабар жоқ. Туысқандары хабарласып жатыр «кешірім бер» деп. Бірақ, мен кешіре алмаймын. Ол мені зорлауға не өлтіруге оқталды. Мен оның тезірек тиісті жазасын алғанын көргім келеді».
Ал, полицейлер болса күдіктінің тергеу изоляторында жатқанын айтады. 22 жастағы жігіт жақында ғана әскерден келген, әзірге жұмыссыз жүрген шымкенттік екен. Қашып бара жатқан жерінен ұсталған ол жауабында өз «зорлайтын ойым болған жоқ» дегенді айтқан.
Аянхан Омаров, Шымкент қаласы ПД Қарату аудандық бөлімі бастығының орынбасары: «Күдікті тұлға жәбірленушінің айтқанымен келіспейді. Зорлау мақсатында емес. Жәбірленушінің қолындағы телефонға қазығып, соны алмақ болған әрекетін айтты. Дүкеннен шығып келе жатқан жәбірленушіні көрген. Қолындағы ұялы телефонды көріп, соны күш қолдану арқылы ашық түрде тартып алу әрекетін жасамақшы болған».
Еске салайық, 25 мамыр күні Шымкенттегі лифтте балалы келіншекке қол жүгірткен жігіттің видеосы тараған еді. Қазір бұл іске қатысты зорлауға оқталу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Әсел Мәлік