Шымкентте аяусыз соққыға жыққан күдіктілер ұсталды

38

Шымкентте бұзақылар 38 жастағы үш баланың әкесін соққыға жыққан. Ер адам комада ауруханада жатыр, жағдайы ауыр. Ер адамның туыстарының айтуынша, полицейлер күдіктілерді ұстағанымен, белгілі бір себептермен босатып жіберген.

Әйгерім Дәуітбекова 38 жастағы күйеуін бейтаныс адамдар ұрып, ес-түссіз көшеде қалдырғанын айтады. Арысбек Құралбековтың туыстарының айтуынша, ер адам жұмыстан қайтып келе жатқан, нақты кіммен және неліктен төбелес шыққанын ешкім білмейді.

«Менің күйеуім үшінші дәрежелі комада. Екі күннен бері есін жия алмай жатыр, үш баламыз бар, әлі айтқан жоқпын. Ал соққыға жығылғандар босатылды», – дейді Арысбек Құралбековтың әйелі Әйгерім Дәуітбекова.

Бұл кадрлар Арысбек Құралбековті бейтаныс адамдар тобының қалай шетке алып кеткенін көрсетеді. Туыстары Арысбектің күрес бапкерлерінен таяқ жегенін алға тартады.  Жолдың арғы жағындағы автобус жүргізушісі жәбірленушіге көмектесу үшін тоқтап, полиция шақырған. Ал бұл кезде бұзақылар көлікке отырып, оқиға орнынан бой тасалаған.

«Күдіктілер ұсталып, кейін босатылды. Тергеушінің қаулысында 106-бап бірінші бөлім делінген, бірақ 2-бөлім болуы керек, бір топ адамдар да бар!», — дейді жәбірленушінің інісі Абдурахман Құралбеков.

Дәрігерлердің айтуынша, Арысбек әлі үшінші дәрежелі комада, жағдайы ауыр. Бас сүйек-ми жарақатын, бас миының контузиясы диагнозы қойылған. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.

Шымкент қалалық ІІД екі күдіктілердің  ұсталғанын хабарлады.

«16 мамырда «102» арнасына «Көктем» базары аумағындағы Жібек жолы көшесінде екі ер адам арасында төбелес болды деген хабар келіп түсті. Салдарынан олардың бірі ауруханаға жеткізілді. Күдіктілер анықталып, полиция бөліміне жеткізілді», — деп түсіндірді Шымкент қалалық ДП-да болған оқиғаға.

Оларға қандай бұлтартпау шарасы таңдалатыны белгісіз. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.