Кеше күндіз қала орталығында көлік жүргізушілері мен жолаушылардың жанжалы жұрттың үрейін алды. Оқиға кезінде жарақат алған бір адам қайтыс болып, бірі хәл үстінде жатқаны мәлім болды. Көп ұзамай полиция оқиғаға қатысты бар деген күдіктілердің ұсталғанын растады.
Шымкентте тағы да қанды оқиға тіркелді. Жұрт алдыңғы жайттардан ес жиып үлгермей жатып, қала көшелерінің бірінде жаппай төбелес болды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіге лезде тарап кетті. Онда жанжалға қатысқандардың бірі пышағын емін-еркін оңды-солды сермегенін, кейбірінің жерге құлаған адамдарды аяусыз тепкілегені байқалады. Артынан жарақат алған бірін көлікке салып жатқаны, оның қарсыласқаны көрінеді. Бір топ ер адам сонда да оны алып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған.
Көп өтпей ресми ақпарат та шықты. Полиция жеңіл көлік жүргізушілері мен жолаушылар арасында келіспеушілік болып, оқиға орнында 40 жастағы қала тұрғыны қайтыс болғанын хабарлады. Қараңғы түскенде Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы аудандық аурухананың маңынан мәйіт табылғаны туралы ақпарат шықты. Ал жарақат алған екінші адам №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілгені мәлім болды. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін қажетті медициналық көмектің бәрін көрсетуде. Бірақ науқас хәл үстінде жатыр.
ТАЛҒАТ ШӘУЕНОВ, №1 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: “1990 жылы туған науқас ауыр жағдайда №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Науқаста сол жақ кеуде қуысының енетін пышақ-кесілген жарақаты анықталып, шұғыл түрде операциялық ем жүргізілді. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр, реанимация бөлімінде қарқынды ем қабылдап жатыр”.
Түнделетіп әлеуметтік желіде рас-өтірігі белгісіз түрлі деректер желдей есті. Онда қайтыс болған 40 жастағы ер адамның әкесі танымал жаттықтырушы екені, өзі бұрын сотты болғаны жазылды. Мұны арнайы ұйымдастырылған қылмыс дегендер де табылды. Оған қоса күдікті ретінде танылған 5 адамға қатысты іздеу жарияланғаны, олардың кім екені суретімен бірге желіге ілініп кетті. Арадан бір тәулік өткенде полиция күдіктілердің ұсталғанын, олардың үстінен бірнеше баппен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Айта кетейік, дәл кеше Шымкентте қалалық полиция департаментінің басшысы мен бірінші орынбасары және бірнеше лауазымды қызметкер жұмыстан босатылды. Олар өз үйінің маңындағы жаяу жүргіншілер жолында кісі қолынан қайтыс болған 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі бойынша жазаланды.
Дилара Иса






