Түркістанда «Рухани қазына -2022» фестивалі басталды

110

Бүгін еліміздің рухани астанасы Түркістан қаласында Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Рухани қазына—2022» фестивалінің республикалық кезеңі бастау алды. 16- 21 мамыр аралығында өтетін іс-шараның мақсаты – еліміздегі мәдениет және өнер саласы ұйымдарының шығармашылық жетістіктерін анықтап, талантты, өзіндік ерекшелігі бар шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларға қолдау білдіру.

«Farab» кітапханасында өткен фестиваль-конкурстың ашылу салтанатына «Қазақ әуендері» АҚ президенті Ғалымжан Өтелбайұлы, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, фестиваль қатысушыларына сәттілік тіледі.
— Республикалық байқаудың Түркістан төрінде өтуінде ерекше мән бар. Ондағы біздің мақсатымыз — ұлттық және әлемдік мәдениет пен өнердің ең жақсы дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғыртып, дамытуға, терең насихаттауға күш салу. Мұндай іс-шаралар қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттырып, өңірлердің мәдени мұрасын таныстыруға, қызметкерлердің өзара тәжірибе алмасуына мол мүмкіндік береді, — деді Ғалымжан Өтелбайұлы.
Айта кетейік, республикалық фестиваль бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы күндері мәдениет қызметкерлері мұражай, кітапхана, мәдени-демалыс қызметі саласында бақ сынаса, 17-18 мамыр күндері аралығында лекторлар конкурсқа қатысушыларға дәріс оқып, шеберлік сабағын өткізеді. 20 мамыр күні сағат 08:00-13:00 аралығында Түркістан өңіріндегі киелі орындарға (Арыстан баб кесенесі, көне Отырар қаласы) экскурсия жасалады деп күтілуде. 21 мамыр күні «Farab» кітапханасында фестивальдің жабылуы, конкурс жеңімпаздарын марапаттау, гала-концерт өтеді.
Биылғы фестивальдің ерекшелігі бұл конкурсқа мемлекеттік мекемелермен қатар жеке меншік мәдениет ұйымдары да қатысып жатыр. Бірінші кезеңнің (өңірлік) қорытындысы бойынша жалпы саны 285 өтінім ( кітапхана саласы бойынша — 125, музей саласы бойынша — 73, мәдени-демалыс қызметі саласы бойынша — 87) қабылданған.
Фестивальді өткізу орны «Қазақ әуендері» АҚ-ның телеграм каналында дауыс беру жолымен анықталды. Дауыс беру нәтижесінде лайық деп танылған өңірге «Рухани өлке – 2022» статусы беріледі.