РМИ – Армандар орындалады! Репродуктивтік медицина және ЭКО-ның мүмкіндіктері

51

Балаларды қорғау күнін репродуктивті медицина орталығы да ерекше атап өтті. Бүлдіршіндер көңілін көтеруге келген аниматорлар, түрлі шоу-бағдарлама мен фуршет үстелі – мұның бәрі мереке көркін келтірді.

Бүгінде заманауи медицина мен дәрігерлердің кәсіби шеберлігіне таң қалмасқа шара жоқ. Себебі бұл орталықтың қызметкерлері 50 жастағы әйелге де ана болу бақытын сыйлаған.

Бұл сәби бес ай бұрын репродуктивті медицина институтының арқасында дүниеге келген. Бала сүю бақытын 10 жыл күткен шымкенттік жас жұбайлардың тұңғышы. Сарапшылардың пікірінше, заманауи медицина таңғажайыптар жасай алады. Республика Президенті қолдаған «Аңсаған Сәби» бағдарламасының арқасында, екі жыл ішінде бір жарым мыңнан астам отбасы ата-ана болу бақытына бөленген.

Диана Есіркепова, Шымкент қаласы ИРМ медициналық орталық директоры, репродуктолог: «Бұл сәбиіміз біздің орталық дәрігерлерінің арқасында дүниеге келген, Баламыз қазір 5 айлық болды. Ол ата-анасының көптен күткен сәбиі, сондай-ақ отбасындағы бірінші бала».

Институт үшін Балаларды қорғау күніне арналған мерекенің маңызы зор. Қазақстанда ерлі-зайыптылардың жиырма пайызға жуығы бедеуліктен зардап шегеді екен. Ал орталық дәрігерлері өмірге келген әрбір сәби міндетті түрде бақытты болуы керек екенін басқалардан жақсырақ түсінеді.

Зәуре Қайырбекова, репродуктолог: «Әлемде ерлі-зайыптылардың 20 пайызы бедеуліктен зардап шегеді. Ерлер факторы 51 пайызды құрайды. Себеп гормоналды бұзылулар, қабыну, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар болуы мүмкін».

Сәндігүл Үсенбай өткен жылы 50 жасында тұңғышын дүниеге әкелді! Оның ана бақытын сезінуіне репродуктивті медицина институтының білікті мамандары көмектескен.

Сәндігүл Үсенбай, орталық пациенті: «50 жасымда тұңғышымды алып келдім. Осы РМ клиникасындағы Рүстем Аширғалиұлына рақметімді айтамын тағы да басқа дәрігерлерге алғысымды айтамын, 50 жасымда ана боламын деп ойлаған жоқпын, осы кісілердің арқасында ана атандым».

Әрбір адам ата-ана болу құқығына ие. Сондықтан мемлекет ЭКО бағдарламасына жыл сайын жеті мың квота бөледі. Мамандардың айтуынша, мұнда ең бастысы – дәрігерлердің берген нұсқауын тиянақты орындау керек

Зәуре Қайырбекова, репродуктолог: «Ерлі-зайыптылар ЭКО жасатуды жоспарлаған болса, тексеруден өту керек, оны репродуктологтар мен андрологтар алады. Біріншіден, біз сынақтардан өткіземіз, егер бәрі жақсы болса, әйел ЭКО жасатуға жіберіледі, ал бағдарлама етеккір циклінің екінші күні басталады. Барлық дайындық жасалған соң, ұрықтандыруды бастаймыз».

Репродуктивті медицина институты екі жылда бір жарым мыңнан астам жас отбасына қуаныш сыйлаған. Ал осы орталықтың өзінде екі жүзге жуық сәби дүниеге келді. Мұның бәрі дәрігерлердің кәсіби шеберлігі мен заманауи медицинаның мүмкіндіктерінің арқасында.

Әсел Мәлік