Шымкентте студент жастарға арналған жатақхана ашылды

319

Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің бір бағыты студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге арналған болатын.

Дәл осы үндеу аясында, қала күніне орай Шымкентте студент жастарға арналған 280 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Нысан, Академик Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде ашылды.

Академик Куатбеков атындағы Халықтар достығы универститеті ұжымы үшін бүгін қуанышты күн. Білім ордасының көптен күткен жатақханасы пайдалануға берілді. Студенттер үйінің ашылуына қатысқан қадірлі қонақтар игі бастамаға жылы лебіздерін білдірді.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Осындай әдемі жатаханаларда достар тауып, әлеуметтеніп, адамдармен араласып, қарым-қатынас түзіп үйрететін бірден бір орын осы – жатахана. Қаламызда 8 жоғарғы оқу орны бар, онда 85 мыңнан астам студент оқиды. Сонымен бірге, 37 колледж бар. Ол жерде 36 мыңға жуық студент оқиды. Былайынан қарағанымызда 121 мыңнан астам студент осы қалада өмір сүреді. Демек әрбір оныншы тұрғын Шымкенттік – ол студенттер».

Шаһардағы 36 жатақханада 10 700 жуық орын бар. 121 мың студенттің 8,8 пайызы ғана жатақханамен қамтылған.Бұл бағытта жұмыстар жалғасады дейді шенеунік. Бүгінгі ашылған студенттер үйі бірқатар жастардың әлеуметтік мәселелерін шешті деуге болады.

289 орындық жаңа жатақхана бір, екі, 4, 6 орындық 81 бөлмеден тұрады. Студенттер үшін асхана, кітапхана, тренажерлық зал, жуынатын бөлмелер, медициналық бекет де қарастырылған.

Рабиға Қуатбекова, Куатбеков атындағы Халықтар достығы универститетінің ректоры: «Жатақханада  51 бейнекамера бар, лифт бар, лифтінің ішінде де бейнебақылау бар. Біздің осы білім алушыларымыздың қауіпсіздігін қорғау үшін, тәрбиелеу үшін жасалынған нәрселер өте көп».

Әлібек Әшірбек, студент: «Мен 4 курс студентімін. Осыған дейін жеке пәтер жалдап тұратынмын. Ол айына кемі 10 мың немесе 15 мың немесе пәтер табу қиын болады. Студенттерге пәтер беру проблемалары бар. Көп адамдар бере бермейді. Қазір қуаныштымын. Неге? Өйткені университетіміз осындай студенттерге бізге деп жатахана салып беріп жатқанына және бұл жатаханада условияның бәрі өте жақсы жасалған, әр комнатада екі адамнан тұратындығы жеке асхана, жуынатын немесе басқада орындардың болғанына өте қуаныштымын».

Заманауи үлгідегі жатақханаға жайғасқан студент жастар, енді баспана мәселесіне алаңдамай, бар ынта-ықыласын білім алуға бағыттайтыны анық дейді жиналғандар.

Шынар Оразова