Úı ANONS 3,1 млрд. теңге актив қайтарылды

3,1 млрд. теңге актив қайтарылды

Шымкентте қайтарылған активтер есебінен ерекше балаларға арналған жаңа жатақхана ашылды. 300 орынға арналған заманауи ғимаратта оқушыларға барлық жағдай жасалған. Бұрын орын жетіспей, үйінен қатынап оқуға мәжбүр болған балалар енді толық қамтылады. Құны 2,4 миллиард теңге болатын нысан – ел игілігіне қайтарылған қаржының нақты нәтижесінің көрінісі.

 

Шымкентте қайтарылған активтер есебінен ерекше 300 балаға арналған су жаңа жатақхана салынып, пайдалануға берілді. Нақтырақ айтқанда, Сайрам мектеп-интернат-колледжінің ескі жатақханасының орнына жаңа ғимарат бой көтерді. Бұл білім ошағында ерекше оқытуды қажет ететін балалар білім алады. Бастысы – еңбекке баулып, кәсіп үйретеді.

 

Мамандардың айтуынша, мұнда бала саны жылдан жылға артып, 400-ге жуықтаған. Сәйкесінше, ескі жатақханада орын да тапшы болған. Ал жаңа жатақханада бұл мәселе шешілген. Ұлдар мен қыздарға арналған ғимараттар бөлек. Медициналық көмек көрсетіліп, ойын алаңдары мен тынығу орындары қарастырылған.

 

ТӨЛЕХАН ҮСІПБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ САЛАСЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: «Бәрі заман талабына сай жасалған. Балаларға да, қыздарға да душтар қойылған. Өз алдына кір жуатын машина қойылған. Кірді кептіретін бөлмелері бар. Енді мұндай ғимарат бұрын-соңды біздің қаламызда болмаған».

51 жыл бұрын салынған жатақхана тозығы жеткен. Балаларға орын жетпей, қиналған. Мысалы, 200 бала жатақханада тұрып оқығысы келген. Бірақ 75 балаға орын жетпей, үйінен қатынап оқуға мәжбүр болған. Жаңа жатақханада мұның бәрі ескерілген. Ресми мәліметке қарағанда, жатақхана құрылысына 2,4 миллиард теңге жұмсалған.

БЕКЖАН ҚҰЛАТАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Прокуратура органдары халықтың жайлы өмір сүруіне жайлы жағдай жасау мақсатында қайтарылған активтерді ел игілігіне жұмсау жұмыстарын жалғастыруда. Жалпы Шымкент қаласының прокуратурасы өткен жылдары 3,1 млрд. теңгеге активтерді қайтарған. Бұл жерде мүлікті қайтару, арнайы бір ұйымдардың үлесінен қайтарылған және мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз беру арқылы жұмыстар атқарылған».

 

Төлехан Үсіпбековтің айтуынша, қалада 5 көмекші мектеп-интернат бар болғанымен, колледж жоқтың қасы. Мектеп-интернатты бітірген оқушыларды осы колледжге тартқан абзал. Мұнда оларды кәсіпке үйретеді. Мысалы, тігіншілікке, ағаш ұстасы мамандықтарына баулиды.

Айта кету керек, Бас прокуратураның жанында активтерді қайтару қызметі жұмыс істейді. Қайтарылған қаржы мемлекет қазынасына түсіп, арнайы комиссияның шешімімен түрлі әлеуметтік нысандар салуға бөлінеді. Қазақстанда қайтарылған активтер есебінен 400-ге жуық ғимарат салынған.

Дилара Иса