Úı ANONS Бірегей кітапхана — ортақ күшпен шымкенттіктерді кітап тастамауға шақырады

Бірегей кітапхана — ортақ күшпен шымкенттіктерді кітап тастамауға шақырады

Шымкент тұрғындарын қажетсіз кітаптарды қоқысқа тастамай, керісінше, ортақ күшпен бірегей кітапхана құруға шақырып жатыр. Осы арқылы әртүрлі тілдердегі әдебиеттер жиналмақ. Ол үшін қала тұрғындарының қолдауы қажет. 

Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатқан бұл бос бөлме жақында адамзаттың ең асыл мұраларының бірі – кітаптарға толы болады. Түрлі мәдениет пен тіл тоғысқан мегаполисте ерекше кітапхана жасақталуда. Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында кітап қоймасын әзірлеп жатқан мамандар тұрғындарды түрлі тілдегі авторлардың кітаптарын әкелуге шақырады.


НАТАЛЬЯ РОМАНОВА, «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» КММ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «
Бүгінде біз ұжыммен бірге қала тұрғындарының барлығына үндеу жолдап отырмыз. Ортақ күшпен түрлі ұлттар мен халықтардың кітаптарын, әрине, мемлекеттік тілдегі әдебиеттерді де оқуға мүмкіндік беретін тамаша орын құруды мақсат етеміз».


Наталья Романованың айтуынша, бұл жай ғана кітаптар жиналатын бөлме емес, білімді бағалайтын, оқуды жақсы көретін және өзге мәдениеттерді танығысы келетін жандардың басын қосатын орталыққа айналмақ.


НАТАЛЬЯ РОМАНОВА, «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» КММ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «
Біз шетел классикасын, орыс классикасын, анықтамалық әдебиеттерді және жазылым арқылы шығатын басылымдарды да қабылдаймыз».


Мекеме өкілдері сөздіктерден бастап романдарға дейін — кез келген автордың еңбегін қабылдауға дайын. Тіпті реставрация қажет ететін кітаптарға да қуанады. Шымкент тұрғындары қазірдің өзінде алты қорапқа жуық көркем әдебиет, романдар және балалар кітаптарын әкелген. Кітапхана тегін болады, ал сыйға тапсырылған кітаптар қаламыздағы мәдениет пен тілдердің байлығын келешек ұрпаққа жеткізетін ортақ қазынаға айналмақ. Кітаптарды Отырар телеарнасының ғимаратына да өткізуге болады. Жақсылыққа бірге атсалысайық!


КІТАПТАРДЫ ҚАБЫЛДАУ МЕКЕНЖАЙЫ: ЖЕЛТОҚСАН КӨШЕСІ, 9/4