Шымкент тұрғындары әлеуметтік желіде қалада ауа ластанып, белгісіз иіс шыға бастағанын, түтін басқаны жөнінде жазып жатыр. Бірі күйіктің иісі десе, енді бірі оны газ және күкірт иісіне теңеп жатыр. Кейбірі иіс терезені жапсаң да сезілетінін айтып, шағымданған. Сасыған иістен мезі болған жұрт тиісті мекемелерден мұны бақылауға алуды сұрайды.
Соңғы күндері Шымкентте көк түтін көбейіп, қаланың кей жерлерінде белгілі бір уақытта қою тұманға бататынды шығарды. Бұған жағымсыз иіс қосылды. Әуелі мұны газ иісіне теңеп жатты. Кейіннен күкірттің иісі дегендер шықты. Тіпті терезені жапсаң да иістен тұншыға бастағандар, басы айналып, жүрегі айнып жатқандар да жаза бастады.
«Иіс болғанда түтіннің иісі. Кәдімгі күйіктің иісі. Алғашында біз ойладық, жапырақтар жанып жатыр…. күнде кешке… смог болады смог».
«Таза емес қой ауа. Экологиялық, иіс, түтіннің иісі. Бензиннің де иісі келеді. Әртүрлі иістер келеді. Балон өртей ме, оның да иісі келеді. Түтіннің, бензиннің иісі, аммиактың да иісі келеді».
«ҚазақГазАймақ» мекемесі газдың иісіне қатысты тұрғындардың жиі шағым түсіргенін растады. Алайда мамандар айтылған мекен-жайларға барып, сараптама алып, тексерген. Нәтижесінде табиғи газдың таралуы анықталмаған. Бірақ иістің бар екенін байқаған.
Экология департаменті қаладағы жағымсыз иіске қатысты шағым жиілегенін жоққа шығармайды. Әр арыз негізінде мамандар ауа сапасын тексерген. Күні кеше ғана бірнеше ауданнан көміртек оксиді мен азот диоксидінің жоғарылағаны тіркелген. Десе де экологтар бұл рұқсат етілген деңгейден аспаған деп отыр.
Светлана Фадеева, Қалалық экология департаментінің бас маманы: «Көрсеткіштер кейде көтеріледі, бірақ бәрі белгіленген нормада. Бұрын көміртек оксиді 0,5–0,7 болса, кеше — 4,5 болды. Мұндай деңгей денсаулыққа зиян емес. Қазір қалада температуралық терістеу, желдің әлсіздігі байқалуда. Бұл — қаланың үстінде түтін тұрып қалуына негізгі себебі».
Мамандардың айтуынша, ауа сапасының нашарлауына бірнеше фактор әсер етеді. Айталық, өндіріс орындары, жылдан-жылға көбейіп жатқан автокөлік, сондай-ақ, әлі де көмір мен қатты отын қолданатын жеке сектордың жылытуы. Сондықтан, қалада экологиялық жағдай алдағы уақытта да нашарлай түсуі мүмкін.
«Қала аумағында кешкі уақытта ауа түтінінң байқалуы бұл біріншіден температураның төмендеуінен».
Тұрғындардың дабыл қағып, ауа сапасын тексеруді талап етуінен қала әкімдігі де хабардар. Бірақ жергілікті билік алаңдауға негіз жоқ, бұл қалыпты жағдай деп сендіреді.
Дәрігерлер дәл осы түтінмен байланысты ауруы асқынған науқастар тіркелмегенін айтады. Бірақ қыс басталғалы респираторлық инфекция аурулары көбейген. Ал созылмалы өкпе және тыныс демікпесі ауруына шалдыққандар үшін тіпті рұқсат етілген деңгейдегі ауаның ластануы жағдайын нашарлатуы әбден мүмкін.
Гүлсім Байділдаева, №2 қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі: «Өкпе және тыныс демікпесі ауруы көбіне триггерлерге байланысты күшейеді. Яғни бұл аллерген, вирустар, бактериялар және ластанған ауадағы зиянды заттар. Бұл факторлар өкпе және тыныс демікпесі ауруының асқынуына тікелей әсер етеді. Мұндай науқастар үшін ауа ластануы — ең қауіпті триггерлердің бірі».
Экология департаментінің дерегінше, биыл алғашқы жартыжылдықта 104 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Оның жүзден астамы зиянды заттардың шекті мөлшерін асырғандар байланысты. Олардың көбіне көлік құралдарына қатысты. Ауаны ластаған кәсіпорындарға қатысты 3 іс тіркелген. Жалпы айыппұл көлемі 3 миллион теңгеден асқан.
Дилара Иса





