Шымкенттіктер қаланың 2035 жылға дейінгі бас жоспарына өз ұсынысын жолдай алады

60

Әр азаматтың пікірі мен ұсынысы маңызды. Осылай деген жауаптылар Шымкент қаласының бас жоспарын бекітуге қатысты қоғамдық талқылау өткізуде. Яғни, кез-келген мегаполис тұрғыны 2035 жылға дейінгі жоспармен танысып, өз ұсынысын жолдай алады. Қоғамдық талқылау қайда және қашан өтеді?

Шымкенттіктер қаланың бас жоспарымен танысып, өз ұсыныстарын білдіре алады. Жалпы қазіргі таңда, үшінші мегаполистің 2035 жылға дейінгі бас жоспарының 1 кезеңі аяқталды. Енді жауаптылар жобаны алдағы бір айда халық талқылауына шығарамыз деп жоспарлап отыр.

Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Мұнда бас жоспарда әркім өзінің бағытына қарай бөліп қойғанбыз. Үй салу, транспорт деген сияқты. Соған қарай сұрақтарыңыз болса осы жерде біздің бір ай бойы бас жоспарды жасаушы компанияның адамдары, архитектура басқармасының қызметкерлері жұмыс істейді».

Жалпы 2021 жылы шілде айында өткен конкурс нәтижесі бойынша Шымкенттің 2035 жылға дейінгі бас жоспарын алматылық «Грандкомплекс» ЖШС жеңіп алған еді. Ал қазіргі құрылыстар 2012 жылы бекітілген жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Сондықтан мамандар бұл жағдайға бей-жай қарамауға шақырды. Әр азамат келіп, өзі ұсынысын білдірсе екен дейді.

Ержан Нуразханов, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы: “Әркімге өз қаласының өмірі, болашақта дамуы сұрақ болып тұрады. Біздің әрқайсымызға байланысты қаланың болашағы. Сондықтан қала халқы өзінің тілегін, ұсыныстарын журналға жазып қалдыруға болады. Соны жоба орындаушылар қарап, ойға қонымды, тиімді болса іске асырады”.

Айта кетейік, қоғамдық талқылау 2022 жылдың 21 маусым мен 21 шілде аралығында, сағат 09:00-ден 17:00 дейін, Шымкент қаласы, Абай ауданы,  Желтоқсан көшесі 9/4,  2 қабатында өтеді.

                                                                                 Мөлдір Ибадуллаева