Шымкенттің республикалық маңызы бар қала атанғанына 4 жыл толды

149

Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанына 4 жыл толды. Ол Нұр-Сұлтан мен Алматыдан кейінгі үшінші мегаполиске айналды.

Шымкент бүгінде жаңаша өмірге бет бұрып, билік тарапынан ауқымды жұмыстар да атқарылуда. Алайда, Шымкенттің ұлттық рухы мен атмосферасы бәз-баяғыша сақталып қалады. Бұл туристердің сүйікті мекені және де сол баяғы, сіз өмір сүргіңіз келетін шырайлы қала.

Бүгінде Шымкент – бай тарихы мен қайталанбас табиғаты сақталған еліміздің ірі өнеркәсіптік қаласына айналды. Шымқалада көптеген көзтартарлық қызықты орындар бар. Оңтүстік мегаполис бүгінде жарқын жаққа бет бұрып, дамып келеді!

Ал, негізі шырайлы Шымкенттің құрылғанына екі мың екі жүз жылдан асады. Республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанға дейін Шымкент Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болған. 2018 жылы тұрғындар саны бір миллион адамға жеткен еді. Содан бері, шымкенттіктер саны ресми түрде тағы 123 мыңға өсті!

Бұл шын мәнінде тарихи мезет, Шымкенттің Жаңа тарих беттері ашылды. 2018 жылы 19 маусымда Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Ал бұл атаулы күн «қала күні» ретінде бекітілді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын –бұл жер Шымкенттің ең шеткі нүктесі еді. Бүгінде мұнда ауқымды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қала тұрғындары ғана емес, көлемі де өсіп келеді! Қазір Шымкент 4 ауданға бөлінеді, жақында қосымша – бесіншісін құру жоспарлануда!

Саяхат сүйер қауым үшін Шымкент туризмнің орталығына айналды. Мұнда қала қонақтары өз туыстарына қонаққа келіп, тұмса табиғаттың аясында саябақтарда серуендейді, Шымқала этноауылын аралайды және ұлттық қаймағы бұзылмаған аймақтың асынан дәм татады.

Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болумен тұрғындардың саны ғана көбейіп қоймады. Қала бюджеті де бірнеше есеге өсіп, қазір бес жүз миллиард теңгеге жетіп отыр. Әрбір жанның қайта-қайта оралғысы келетін сүйікті орны, қалаулы қаласы болады. Ал Қазақстандағы осындай қалаларының бірі де бірегейі – ол, ШЫМКЕНТ!

Әсел Мәлік