Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 1 маусымы мен 31 қазаны аралығында Түркістан облысының аумағында полиция қызметкерлері «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Оның мақсаты есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы деректерін анықтау, есірткіні жеткізу арналарын жабу және құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіру және дайындау фактілерінің жолын кесу болып табылады.
Аталған жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен Сарыағаш ауданының полицейлері бірлесіп, ауыл тұрғындарының бірінің үйіндегі ірі есірткі егістігін жойды. Толығырақ айтсақ, кезекші бөлімге тұрғындардың бірі құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсірумен айналысады деген хабарлама келіп түсті.
Ақпарат алысымен полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің мекенжайы анықталды. Жедел уәкілдер тінту кезінде оның ауласынан 2400 түп есірткіге ұқсас өсімдікті айғақты зат ретінде алып, сараптамаға жіберді. Зерттеу қорытындысына сәйкес ол, жалпы салмағы 47 келі болатын «көкнар» болып шықты.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК 300-бабымен «Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Тергеу істің толық мән-жайын және күдіктінің үйде есірткі заттарын қандай мақсатта өсіргенін анықтайды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткі заттарын заңсыз сақтағаны және өткізгені, сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Егер де, сіз, есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың куәсі болсаңыз немесе осындай жайттар туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.