Үкімет отырысында балалар мәселесі қозғалды

68

Үкіметті кезекті отырысында балалардың өмірі сөз болды. Жиынға қатысушылар, балалардың денсаулығына қатысты мәселелерді көтерді. Бүгінде еліміздегі көптеген әйелдер, денсаулығындағы ауытқуларды анықтау мақсатында жасалатын скринингке қол жеткізе алмайды екен. Ал балалар толықтай балабақша, сапалы білім және салауатты демалыспен қамтамасыз етілмеген.

Балалардың құқығы бұдан былай тәуелсіз өкілдің жіті бақылауында болады. Мұндай лауазымды өкіл әкімдіктердің жанынан құрылады. Үкімет отырысында Қазақстанның кішкентай азаматтарын қалай қорғау керектігі талқыланды.

Мәселен, балалар денсаулығын сақтауға бюджеттен бөлінетін қаржы екі есеге артады. Айтулы қаражат мектеп медицинасы мен балалар тіс дәрігеріне бағытталады. Енді жұмсалған шығындар туралы жаңа бап пайда болады: қосымша аудиологиялық скринингке 5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.

Ажар Ғиният, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі: «Министрлік аз қамтылған отбасы балаларына ортодонтиялық көмек көрсету бағдарламасын жүзеге асыруда. Биыл бұл мақсаттарға бөлінген сома ұлғайып, 5 миллиард теңгені құрады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізумен жалпы медициналық оңалтуды қаржыландыру 7 есеге өсті».

«Аңсаған сәби» ЭКО бағдарламасы 2500 баланың дүниеге келуіне мүмкіндік береді. Квота мен экстракорпоралды ұрықтандыру әдісінің арқасында қазірдің өзінде 1560 кішкентай қазақстандық дүниеге келген.

Ажар Ғиният, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі: «Ерлі-зайыптылардың 20 пайызы бедеулікке байланысты ажырасады. Өткен жылы 7 мың әйел көмекші репродуктивті технологияларға қол жеткізді. Нәтижесінде үш мыңнан астам әйел жүкті болу үшін есепке алынды. Бұл бағдарлама «Салауатты ұлт» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін жалғасады».

Жүкті әйелдерді босанғанға дейінгі бақылаумен қамтуды 80 пайыз, скринингтік тексеруді жүз пайызға дейін арттыру жоспарлануда. Бұл жүктілік кезінде нәресте денсаулығындағы ауытқуларды анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар үкімет отырысында балабақшаның мәселесі де айтылды.

Шолпан Қарынова, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі: «Жекеменшік балабақшалардағы төтенше жағдайларды болдырмау үшін қауіпсіздік шараларын күшейтіп, білікті мамандармен қамтамасыз етіп, ваучерлік тетік арқылы мемлекеттік тапсырыстардың сапасын арттырамыз. Жаңа үлгі бойынша 15 мыңнан астам педагог тиісті курстардан өтуде».

Биыл алғаш рет мектеп автобустарының паркі жаңартылады. Ал мектептердің кітапхана қоры жаңа балалар және көркем әдебиет туындыларымен толықпақ.

Премьер-Министр әлеуметтік осал санаттағы отбасы балаларын ойын-сауықтық жазғы демалыспен қамтамасыз етуге тапсырма берді. Оған қоса барлық ауылдық елді мекендерде спорт алаңдарын, балаларға арналған дамыту орталықтарын жабдықтап, мәдени-көпшілік шараларды жиі ұйымдастыруды тапсырды.

Алдағы уақытта ішкі туризмді дамыту мақсатында балаларды көрікті жерлерімен таныстыратын танымдық іс-шараларын да ұйымдастырмақ.

Әсел Мәлік