Жыл басынан бері 755 түркістандық қаңғыбас иттерден зардап шеккен

63

Аса қауіпті жұқпалы ауралардың алдын-алу шаралары Түркістан облысының СЭБД-нің қатаң бақылауында. Адам өміріне қауіпті аурулардың бірі- құтыру дерті бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр.

Өңірде жыл басынан бері жалпы 3 580 азамат әртүрлі жануарлардан жарақат алған. 3 192 адамды ит қапса, оның ішінде 755 азамат қаңғыбас иттен зардап шеккен. 120-сы мысықтан, 49-ы жылқыдан, 9-ы уақ малдан, 68 басқа да жануарлардан зардап шеккен. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының эпидемиологтары ветеринариялық қызмет мамандарымен бірлескен шараларды жүзеге асырып, орын алған ошақтарда тексеру жұмыстарын жүргізуде. 20 жануар құтыру ауруына күдікті ретінде тексеріліп, оның 1-і оң нәтиже берген. Құтыру ауруының вирусы адамға ауру жануарлардан жарақат алған жағдайда, тістелген, тырналған немесе сілекейленген кезде зақымдалған тері қабаты арқылы еніп, нерв талшықтарымен жұлын миына жету арқылы болатын қауіпті ауру. Оның емі жоқ, алайда оның алдын алу маңызды. Сондықтан, жарақат алған адам тез арада медициналық көмекке жүгініп, көрсеткіштер бойынша антирабикалық егу курстарын алуы керек.

Құтыру ауруына шалдығу бірден біліне қоймағанымен, клиникалық көріністері тістелген орынға байланысты 10 күннен 1 жылға дейін созылады. Өкінішке орай, елдімекендердің көпшілігінде тұрғындар иттерін байлаусыз, бос жібере салады. Осындай фактілер өзге адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.

Ит, мысық т.б жануарларды асыраған жағдайда оларды уақытылы мал дәрігерлеріне көрсетіп, құтыру ауруына қарсы вакцина ектірген абзал. Мінезінде өзгерістер байқалған жануарларды қамап, әсіресе балалардан аулақ ұстаған жөн.