Бұрын сотты болғандар жұмысқа қалай орналасады?

106

Шымкентте бұрын сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасалып жатыр. «Қақпа алдындағы кездесу» жобасы арқылы түрмеден босап шыққан азаматтар уақытша баспанаға ие болып, тұрақты жұмысқа тұра алады. Бүгінде, әлеуметтік бағдарлама аясында 38 сотталушы жұмысқа орналасқан.

Іштегі сезімін жасыра алмай, көз жасына ерік берген әйел бұрын жасаған қылмысына қатты өкінеді. Анастасия есірткі сатқаны үшін, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Ол өмірінің 8 жылын түрмеде өткізді, енді шартты түрде ботандыққа шықпақ. Екі баланың анасы перзенттерімен қауышуды армандайтынын және қапаста өткізген әр күні өзі үшін үлкен сабақ болғанын жеткізді.

Анастасия, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылатын азаматша: «Сіз мұнда жүрген сияқтысыз, күндеріңіз де өтіп жатады. Бірақ, ойша, сіз отбасыңызбен біргесіз. Сіз оларға сонша азап пен бақытсыздық әкелгеніңізді түсінесіз. Себебі мен осында отырғанда, көбіне балаларым мен туыстарым қиналады. Біреудің қарт ата-анасы бар. Ажырасу. Туыстардан ажырау бұл ең үлкен жаза екен. Мен жақсы ана бола алмадым. бірақ, мен жақсы әже болғым келеді. Балаларымның жанында болуды қалаймын».

Анастасия әйелдер колониясында тігінші мамандығы бойынша білім алды. Балалармен кездескеннен кейін әйел өз ательесін ашуды армандайды. Ол түрмедегі цехта жұмыс істеп, адал еңбегінің арқасында айына екі жүз мың теңгеге жуық жалақы алған. Бостандыққа шыққаннан кейін әйел өз мамандығы бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отыр.

Анастасия, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылатын азаматша: «Цех меңгерушісі маған жұмыс ұсынды, ол бұл істі кеңейтуді қалайды. Ол бұл бизнестің кәсіби маманы. Ал мен жұмыс істеп, көйлек, шалбар тігемін. Ол өз кәсібін ашып, менің өзіне көмектескенімді қалайды. Әрине, ол мен үшінде тиімді болар еді. Ол маған үй жалдап, бірге тұруды және бірлесіп жұмыс істегеуді ұсынды».

Шымкентте әйелдер колониясында 230-дан астам сотталушы жазасын өтеуде. Түрмедегі әрбірі бостандыққа шығып, жақындарымен қауышар сәтті асыға күтеді. Десе де, бәрі бұлай ойлай бермейді. Себебі, кей сотталушылардың бір де бір жақыны не барар жері жоқ. Осы себепті, қылмыс жасап, абақтыға қайта тұтылып жатқандар да баршылық.

Мұндай жайттардың алдын алу мақсатында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау орталығы, жергілікті пробация өкілдерімен бірлесіп бұрын сотталған азаматтарды жұмысқа орналастырып, уақытша баспанамен қамтуға және әлеуметтік бейімдеуге көмектеседі. Жұмыс «Қақпа алдында кездесу» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр.

«Егер сіздердің мамандықтарыңыз жоқ болса, бізде соған сәйкес 3 айлық мерзімдік кәсіптік оқулар бар. 30 – дан аса мамандық түрлері бар. Егер мамандығыңыз жоқ болса сол 3 айда бір кәсіпке бейімделіп, қысқа мерзімді кәсіптік оқуды оқысаңыздар болады. Ең төменгі жалақы 110 мың теңге. Ары қарай өзінің бейімділігіне қарай жоғарылап кете береді», дейді мамандар.

Бүгінде аталған жобаның арқасында бұрын сотты болған 38 адам жұмысқа орналасқан. Олардың алтауы аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандар. Сондай-ақ, ағымдағы жылы әйелдер колониясындағы 25 сотталушы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.

Аида Қарсыбайқызы