Бүгін Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды

145

 

Бүгін – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Алаш ардақтысы 1873 жылдың 5 қыркүйегінде қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген. Ұлт зиялысының бүгінгі мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып, жалғасы туған өлкесінде жалғасуы тиіс болатын. Алайда тіл реформаторының мерейтойы қарсаңында туған өлкесінде тұтанған оттың бірнеше күнге ұласуына байланысты шаралар кейінге шегерілді.

Ахмет Байтұрсынұлы – ақын, лингвист, ұлттық жазудың реформаторы, әдебиетші, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, араб графикасының негізінде қазақтың төл әліпбиін түзіп, төте жазудың көмегімен «Қазақ» газетін ұйымдастырды. Ұлттық журналистиканы дамытуға қосқан сүбелі үлесі мол. Алашорда үкіметінің мүшесі болған.

2017 жылы Үкімет қаулысымен Қазақстан халқы тілдерінің күні 22 қыркүйектен Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне ауыстырылғаны белгілі.

А.Байтұрсыновтың алғашқы кітабы – «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрді. Ақынның азаматтық арман-мақсаты, ой-толғамдары кестеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып 1911 жылы жарық көрді.

Ұлт болашағына алаңдаулы ақын дара ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды. Ұлтқа сіңірген сан қырлы еңбегінің арқасында алаш ардақтысы атанды.