Түркістан облысында өңірдің ең үздік жанұясы анықталды. «Мерейлі отбасы» байқауы биыл сегізінші рет өткізіліп отыр. Жарысқа қатысу үшін облыстың 17 өңірінен жүзден астам отбасы ниет білдірген. Ал оның тек 26-сы ғана жарысқа қатысуға мүмкіндік алды. Жеңімпаз жанұя жарыстың республикалық кезеңінде облыс намысын қорғайды.
Әжібаевтар әулеті – Түркістан облысы бойынша өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы болды. Татулық пен бірлікті ту еткен жанұя Төлеби ауданында тұрады. Үздіктер бақ сынаған байқауда Әжібаевтар отбасы екінші орынға тұрақтады.
Санат Әжібаев, Төлеби ауданының тұрғыны: «7 ұл, 1 қызымыз бар. 33 немере 5 шөбере көріп келеміз. Бізді елеп-ескеріп, қартайғанымызда халыққа таныстырып, құрмет көрсетіп жатқандарына үлкен алғаысымызды білдіреміз! Ұйымдастырушлырға рақмет!».
Отағасы ұзақ уақыт жоғары лауазымды қызметтерде жұмыс істеген екен. Ал жан жарымен бала кезінен таныс болған. Қазір ерлі-зайыптының бір шаңырақ астында, қол ұстасып бақытты ғұмыр кешіп жатқанына 45 жылдан асқан.
Санат Әжібаев, Төлеби ауданының тұрғыны: «Барлығыңызға осындай табыс тілеймін! Келіп отырғандарыңызға мен қуаныштымын! Мерейлі отбасы саны арта берсін! Еліміздің әл-ауқатын жақсартуға атсалыса берсін! Әр отбасының босағасы берік болса, еліміздің де іргесі берік болады».
Айта кетейік, жарысқа қатысу үшін барлық өңірден 116 отбасы ниет білдіріпті. Оның тек 26-сы ғана байқауда бақ сынауға мүмкіндік алған.
Аңсар Өсербаев, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы:
«116 отбасының қайсыбірін алсақ та, бірінші жүлдеге лайықты деп ойлаймын. Комиссияға қиын болды, сіздердің араларыңыздан, осындай азаматтарды таңдау. Іріктеу барысында комиссия арасында түрлі ойлар, пкірлер болды. Шынын айтқанда осы жерге келіп отырған отбасылардың барлығын жеңімпаз деп ойлаймын. Сондықтан сіздер сияқты отбасы, ата-аналар үлгісіздер. Сіздерге қарап ел түзеледі. Сіздерге ең алдымен рақмет айтқым келеді.Әрдайым осылай үлгілі болып, жастарды тәрбиелеуде үлгі-өнеге көрсетіп жүре берулеріңізге тілектеспіз».
Биыл сегізінші мәрте өткізіліп отырған ұлттық байқаудың Түркістан облысы бойынша жеңімпаздары — Құлбайымбетовтер отбасы! 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, 31 немере мен 25 шөберелі болған бақытты жанұя енді жарыстың республикалық кезеңінде облыс намысын қорғайды.
Жарқынбек Құлбайымбетов, «Мерейлі отбасы-2022» байқауының Түркістан облысы бойынша жеңімпазы: «Біздің заманымыз, уақытымыз қандай жағдай болса да басталған жобаны жылда өткізіп жатқаны үшін облыстың әкімдігіне үлкен алғысымызды айтамыз! Бұл жоба – біздің Қазақстанның келешегі, халқының өсіп-өркендеуі үшін, қазақ халқының өз жері, өз отанына иелік жасайтын үлкен азамат тәрбиелеу үшін үлкен маңызы бар деп есептеймін. Ойлаймыз келешекте Қазақстанның халқы бұдан да үлкен жетістіктерге жетеді деп ойлаймыз».
Мерекелік іс-шара барысында «Үздік жас отбасы», «Үздік еңбекқор отбасы» номинация иегерлері де анықталды. Ал жеңімпаз және жүлдегер жанұялар алғыс хат пен арнайы сертификатпен марапатталды. Және байқауда бақ сынағандардың бәріне ынталандыру сыйлығы табысталды.