Төлеби ауданына қарасты Қасқасу ауылдық округінде «Қуандық баба» мешіті ашылды. Ауыл тұрғындары бірлесе тұрғызған жаңа мешітке бір мезетте 350-ге жуық адам сыяды. Сәулетті ғимараттың ашылу салтанатына ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары, дін және спорт саласының өкілдері қатысты.
«Қуандық баба» мешітінде алғашқы азан айтылды. Төлеби ауданына қарасты Қасқасу ауылдық округінің тұрғындары бұл мешіттің ашылуын ұзақ күтті. Қасиетті үйдің салтанатты ашылу рәсіміне ауыл халқы түгел дерлік жиналды.
Қуандық баба мешітін Қасқасу ауылы тұрғындарының өздері салған. Бірі қаржылай көмектессе, енді бірі материалдық тұрғыдан қол ұшын созыпты. Айналасын абаттандыру жұмысын да ауыл халқының өздері істеген. Тіпті жұмыстың соңғы бөліктерін ашылу рәсіміне бірнеше сағат қалғанда аяқтапты.
Мешіттің алғаш пайдалануға беру сәтіне Қазақстанның алыс-жақын қалаларынан да түрлі қонақтар келді. Олардың қатарында, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, мәслихат хатшылары, дін және спорт салаларының өкілдері де бар. Сондай-ақ, жиында ҚР Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттарының құттықтау хаттары да оқылды.
Игі іске ұйытқы болғандар қатарында Түркістан облысы мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай да бар. Халық қалаулысы, бұған дейін Қасқасу ауылын жұрт табиғатымен таныса, енді бұл аймақ бірлігімен өзгеге өнеге бола алады дейді.
Ғалымжан Елшібай, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты: «Әр ауылда мешіт салынып жатыр. Бір ауылда кәсіпкер салып береді, бір ауылдар мешіт салатын кәсіпкер таппай жүр. Біздің ауыл өзі асармен, ынтымақпен, бірлікпен салған мешіт. Мешіт 4-5 жыл уақытқа созылды. Халықтың өз қаржысына салынды. 4-5 жігіт бастадық, халық арасынан қолдау тауып үлкен игілікті іс болды».
Сәулеті мен дәулеті келіскен мешіттің ашылу салтанатына жиналған қауым ата-баба рухына құран бағыштап, дұға оқыды. Сонымен қатар, салтанатты жиында құрылысқа атсалысқан бірқатар азамат ҚР Діни басқармасының Түркістан облысы филиалының «Алғыс хатымен» марапатталды.
Бауыржан Өтеев, «Қуандық баба» мешітінің бас имамы: «Бүгін міне толқып тұрмыз. Бір жағынан қуанып, жүректе бір толқыныс болып тұр. Өйткені бұл жиынның өзі жүрекке әсер ететін жиын болып тұр. Ақ түйенің қарны жарылған күн болып тұр бүгін. Біз осындай халқымыздың бірлігіменен мешіт салдық мінекей. Алла қаласа, мешітіміздің айналасы қандай көркейген болса, іші сондай жамағатпен көркейе берсін! Алланың нұры жаусын!».
Жиында ауылдың үлкен-кішісі түгелдей қызмет етті. Жаңа мешітке қуанған қауым игі іске мұрындық болған ақсақалдың астына тұлпар мінгізді.
Бақберген Кенебаев, Қасқасу ауылдық округінің тұрғыны: «Еліме-жұртыма рақмет! Демеушілерге рақмет! Ешкім жоқ деген жоқ, қызмет қылды. Осы Қасқасу округінде 4 ауыл бар, сол 4 ауылда 4 мешіт бар. Бұл мешітке Қуандық баба есімі беріліп, документ жасалып жатыр».
Су жаңа мешітте енді бір мезетте 350-ге жуық адам құлшылық жасай алады. Заманауи үлгіде салынған мешіт ұлттық ою-өрнекпен безендіріліп, жаңа құралдармен жабдықталған. Ал мешіт қауымы алдағы уақытта арнайы ұстаздар дайындап, балаларға білім беруді жоспарлап отырғанын айтады.