Оңтүстік жастары «Hello, ауыл» фильмін тамашалады

Оңтүстікте жастар жайында жаңа фильмнің тұсауы кесілді. Көркем туынды Төле би ауданы, Қасқасу ауылында түсірілген. Рөлдерді сомдағандар – облысымызға танымал көңілді тапқырлар клубының мүшелері мен әншілері, және әзіл сықақ театрының әртістері.

«Нello, ауыл» деп аталатын романтикалық комедияда ауылдың тыныс-тіршілігі мен ондағы ауыл жастарының өмірі бейнеленген. Фильмнің өн бойынан ауылдың тамаша табиғаты мен мамыражай өмірі көрініс тапқан. Жастардың әзіл-қалжыңы да бар.

Қасқасу ауылы

Қалада өскен жігіттің енді ауылға келген беті. Әлі мамыражай тіршілікке үйренбеген мұғалімнің бар ойы – ауылды көркейту. «Дипломмен ауылға»  бағдарламасы бойынша жұмыс істеп, шәкірт тәрбиелеу. Сөйтіп жүріп, ауылдағы ең сұлу қызға ғашық болады. Міне, фильмнің барлық оқиға желісі осылай басталады.

"Нello, ауыл" фильмі

Басты рөльді сомдаған – «Мұнарлан» тобының бұрынғы әншісі Бағлан Жолдасов. Бұған дейін «Қыз жолы» атты телесериалға түсіп, аздап тәжірибе жинақтаған музыкант үшін бұл – ең үлкен роль. Хор дирижері бойынша білім алған әнші осылайша бағын кино саласында сынап көруге бекініпті.

Бағлан Жолдасов: «Тек қалада өскенім болмаса, ауылға үнемі баратынмын. Яғни, атқа міну, самаурын қою сияқты түрлі эпизодтарды орындау мен үшін еш қиындық туғызған жоқ. Сондықтан басты рольді сомдағаныма қуаншытымын. Болашақта сахна тәлімі, әртістік қабілет бойынша түрлі сабақтар алып, кино саласында да өз қолтаңбамды қалдырғым келеді».

Әзіл-қалжыңға толы романтикалық комедияның кейбір тұстары Бағланның өмірімен ұқсайтын болып шықты. Әншінің айтуынша, бала кезінде икемсіз болғаны үшін оны » Қожанасыр» деп атаған екен.

Бағлан Жолдасов: «Мен аздап икемсізбін. Кішкентай кезімде көбіне күлкіге қалатын кездерім де болатын. Сол үшін әкімнің інісі мені «Қожанасыр» деп атайтын.»

Бұл көркем туындыны түсіруге дайындық 2015 жылдың күзінде басталған. Сценарий жазылып, рольдерді сомдайтын әртістерге кастинг жарияланды. Жүздеген үміткер Оңтүстіктің жастары туралы түсірілетін фильмде негізгі рөльді сомдауға талпынды. Бақтарын сынады. Комедиялық жанрдағы көркем туындының режиссері Шапағат Орынбаев болса, продюсері – Бақберген Асанбаев.

"Нello, ауыл" фильмі

Осылайша сәтті таңдалған әртістерден құралған командамен түсіру жұмыстары басталып та кетті. Көркем туынды Төле би ауданы, Қасқасу ауылында бірнеше ай бойы түсірілді. Фильмге 5, 5 млн теңге бөлінген.

"Нello, ауыл" фильмі

Фильмнің тұсаукесеріне жиналған жастардың қарасы көп. Зал адамдарға лық толы. Тіпті орындарынан тік тұрып, тамашалағандар да бар. Облыстық жастар орталығының тапсырысымен түсірілген фильм енді өңіріміздегі барлық білім ошақтары мен оқу орындарында көрсетілетін болады.

Жастар орталығының директоры Ерлан Айтбаевтың айтуынша, талантты жастарды қолдап, өңірімізде киноиндустрия саласын дамытуға бағытталған игі шаралар әлі жалғасын табады.