Шымкентте «Занур» емханасы тұрғындары игілігіне қолдануға берілді. Бұл пластикалық ота жасауды қолға алған қаламыздағы ең алғашқы клиника. Емхана базасы ең озық заманауи техникалармен жабдықталған. Ал операцияны арнайы шетелден шақырылған мамандар мен 1 санатты отандық хирург дәрігерлер жасайды.
Енді пластикалық отаға мұқтаж жандар операцияның бұл түрін Шымкентте де жасата алады. Себебі үшінші мегаполисте пластикалық ота жасайтын клиника ашылды. Айта кетейік, қаламызда бұған дейін бұл бағытта заманауи техникамен жабдықталған клиника болмаған. Ал орталықтың ашылуына арнайы қатысқан денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков, жеке инвесторлардың қолдауымен ашылған мекеме тұрғындардың медициналық көмекті уақытылы алуына өз септігін тигізетінін айтады.
Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Халық алысқа бармай, керек болса автобусқа отырмай-ақ осы жерден бәрі қол жетімді болса, бұл өте керемет. Бұның арғы жағындағы мәселе сапалы қызмет көрсету. Инфрақұрылымды ескере отырып, 2025 жылға дейін 6 осындай емхана ашу жоспарда бар. Мұның мақсаты қолжетімділік. Бізде кейбір жерде емханалар өте жиі орналасқан. Ал қаланың шет жағында сирек орналасқан. Бұл емхана осы өңірдегі, көшедегі халыққа бір көмегі тиеді деген ойдамын»
Негізінен «Занур» клиникасы 2 жылдан бері стационарлық бағытта жұмыс істеп келеді. Ал биылдан бастап пластикалық, урологиялық, гинекалогиялық операция жасауды қолға алды. Ол үшін Америка, Германия сынды елдерден озық үлгідегі медициналық құралдар сатып алынып, хирургиялық блок жасақталған. Сондай-ақ ота жасау үшін шетелден білікті 6 маман шақырылған. Оған қоса мұнда әлемдік үздік орталықтардан білім алып келген тағы да 6 отандық дәрігер қызмет етеді.
Гульнара Орынбекова, пластикалық хирург: «Біздің «ZANUR» клиникасы көпсалалы медициналық орталық. Қаладағы пластикалық хирургиядан бірінші болып ашылып жатқан клиника. Клиникамыз 30 мың тұрғынды қабылдауға дайын. Біздің мекеменің көлемі 3,5 шарты метрге дейін жетеді. Сондықтан өзіміздің мед.центрдің жан-жағындағы елдімекендердің бәрін қабылдауға дайынбыз»
24 сағат жұмыс істейтін клиникаға қазіргі таңда 15 мың тұрғын тіркелген. «Занур» емханасының күндізгі стационарында күніне 20 науқасты қабылдау көзделіп отыр. Сонымен қатар, орталықтың екінші филиалында тұрғындарға портал негізінде тегін емдеу шараларын жүргізу жоспарда бар.
Лицензия: 0000258DX 11.07.2019 жылы «Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесімен берілген