Дертіне шипа іздегендердің мойнына несие ілінді

186

Шымкентте «Евромед» клиникасының басшылары «Алаяқтық» бабы бойынша уақытша қамауға алынды. Клиенттерді тегін тексеруден өткіземіз деп шақырып, оларға несие алдырған.

Раушан Тәшімбетова дәрігердің аялы алақанын іздеп келіп алаяқтардың құрбаны болғандардың бірі. Дертіне шипа табамын ба деп Қызығұрт ауданынан келіп, қарызға белшесінен батқан. Наурыз айының басында «Евромед» клиникасында Раушан Тәшімбетованы тырнағының басынан, шашының ұшына дейін ауру қылып шығарған. Онымен қоса, емдеу шараларына дәл сол жерде отыратын банк менеджерлері несие алдырған.

Раушан Тәшімбетова, жәбірленуші: «Телефоныма банкке қарызсыз деген қоңыраулар түсіп жатыр. Олар 252 мың теңге алдық деді. Соның 54 мың теңгесін қайта құюға мәжбүрледі. Мен денсаулығымды түзеуге келіп, осындай шарасыздыққа түсіп тұрмын».

Зардап шеккен жүз шақты клиенттердің дені зейнеткерлер. Олардың жеке деректерін клиника қызметкерлері өзге мекемедегі әріптестерінен алғаны анықталды. Медицина мекемесінің басшылары пациенттерін ғана емес өз қызметкерлерінің де жалақысын бермей, ауыздарын айға қаратып кеткен.

Адам Азимов, «Евромед» клиникасының бұрынғы қызметкері: «Клиниканың ресейлік құрылтайшысын тәртіп сақшылары қолға түсірді. Одан бөлек, қырғызстандық өкілі де құрықталды».

Еліміз бойынша «Евромед » клиникасының 6 бөлімшесі жұмыс істеген. Соның бәрі бір құрылтайшыға тиесілі . Қазір олар жабылған. Ондағы жұмыс тоқтағанымен алданғандардың несие пайызы тоқтаған жоқ.

Ғалымжан Кенжебек