Жолдың қарсы бағытына шығып кеткен жүргізуші жазаланды

18

Шымкентте жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізуші жауапқа тартылды. Шымкент қаласы Полиция департаментінің ресми инстаграм «Police_Shymkent» парақшасының direct-не Шымкент қаласы Тәуке хан даңғылы бойында «Range Rover» маркалы автокөлігі қарсы бағытқа шығып, жол қозғалысына өрескел кедергі келтіргені жөнінде бейнежазба түскен.

Онда «Range Rover» маркалы автокөлігі тұтас екі ақ жолақ сызықты басып, қарама-қарсы бағытқа шыққаны және еш қаперсіз әрмен қарай тиісті бағытқа түсіп рөлді тізгіндегені анық байқалады.
Аталған жайт бойынша Шымкент қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жол жүру ережесін бұзған «Range Rover» маркалы автокөлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы 3-бөлігімен (Егер бұл жол жүрiсi қағидаларында тыйым салынған жағдайларда, жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы бағытта жүруге арналған жағына, оның ішінде кері бұрылып немесе бұрылыс жасап шығу – алты ай мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады) әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама түзілген.
Шымкент қаласының полицейлері барлық көлік жүргізушілеріне жол қозғалысы ережесін мұқият сақтап, абай болуға кеңес береді. Жол үстінде жасалған кез келген қателіктің соңы орны толмас қайғыға әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.