Шымкент қаласының орталығы саналатын Әл-Фараби ауданында жол құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, биыл 16,9 шақырымды құрайтын 30 көше орташа жөндеуден өткізілсе, 12,9 шақырымдық 33 көшеге шағал тас төселді. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарының 80%-ға жуығы орындалды.
Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кезекті есепті кездесуін өткізген шаһар басшысы Мұрат Әйтенов бұдан да басқа атқарылған істерге тоқталып өтті.
“Ауданда жалпы саны 404 көше бар. Биылға 30 көшені пайдалануға беруді жоспарлағанбыз. 2023-2024 жылдар аралығында 19,6 шақырымды құрайтын 48 көше асфальтталатын болады”,-деді қала басшысы.
Сондай-ақ, аудан бойынша жол саласының күрделі және орташа жөндеу жұмыстары алдағы 2 жылда 100% аяқталатынын жеткізді.
Айта кетейік, Әл-Фараби ауданында былтыр 362 шақырымды құрайтын 5 көше орташа жөндеуден өткізілсе, 13 көшеге шағал тас төселген.
Сонымен қатар, аудандағы көшелерді жарықтандыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Биылғы меже құрылыс қарқынын үдетіп, жоспарды 57%-ға жеткізу. Бұл туралы аудан әкімі Рашид Мыңбаев мәлімдеді.
Қала көшелерін жарықтандыру бойынша 2020 жылы 102 көше, 2021 жылы 124 көше жарқтандырылған болса, биыл 144 көше жарықтандырылуда. Ал жаңа жылдан бастап 169 көшені жарықтандыру жоспарға қойылған. Орындалуға тиіс жұмыстардың қазірге дейін 43,4% атқарылды.
Жалпы, қазіргі таңда жергілікті билік өкілдері Мемлеет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жайлы жағдай жасау бойынша берген тапсырмасы аясында жұмыс жүргізіп жатыр. Әрі «Халық үніне құлақ түретін мемлекет» тұжырымдамасына сай қала басшысы әр тоқсан сайын аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп жатыр. Кездесуде көтерілген мәселелер сараланып, шешімін табуда. Мәселен, мегаполис әкімінің халықпен кездесуінде жалпы саны 1020 проблема көтерілген. Бүгінде оның 488-і шешімін тапса, 337-і орындалып жатыр. Ал 195 мәселе 2023,2024 жылдардың жоспарына енгізілген.