М. Әйтенов бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесті

50

Экономикалық және әлеуметтік дамудың негізгі драйвері — кәсіпкерлік сала. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқына жолдауында кәсіпкерлікті жүйелі қолдау қажет екенін айтқан еді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Шымкентте жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылып, бизнес қауымдастық өкілдерінің кездесуі өтті. Қалалық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымдастырылған шараға шаһар басшысы Мұрат Әйтенов қатысты.

“Республика бойынша 4-ші орындамыз, 180 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бұл да әрине сіздердің арқаларыңызда”,-деді Мұрат Әйтенов салтанатты жиында.

Жалпы басқосуда бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Мәселен, қылмыстық процесс саласындағы қиындықтар, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту, қала құрылысында кездесетін проблемалар, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардағы жер учаскелерін қосалқы жалдау жолдары мен жанар-жағармайға дифференциациялық бағаның бекітілуіне байланысты туындаған салықтың есептілігі және т.б. Сонымен қатар кездесу барысында оның шешілу жолдары айтылды.

Жиын соңында, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қорғаудың экожүйесін құру жобасын жүзеге асыруды бастайтынын хабарлады.

Бизнесті қорғаудың экожүйесі аясында кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын бұзу фактілерін және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру кезінде қажетсіз әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған біршама ұсыныстар әзірленетін болды.

Жалпы мегаполистегі өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шағын және орта бизнес өкілдері өндіреді. Ал қалада 95 мыңнан астам белсенді кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Өнім өндіру көлемі де артып келеді.