Шымкентте ашық аспан астында көрме ұйымдастырылды

59

Үшінші мегаполисте мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Республика күніне арналған мерекелік кеш өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен араға 13 жыл салып тойланған атаулы күнде таңғы 9-дан бастап, кешке дейін тұрғындар назарына ашық аспан астындағы көрме ұсындылды. Одан бөлек Мәдениет үйінің өнерпаздары жиналған қауымға мерекелік көңіл-күйді сыйлау үшін ән-шашуын арнады

Әсем әуен, қоңыр дауыс, мың бұралған бишілер. Қаламыздағы Астана алаңында Республика күніне орай ерекше концерттік көрме ұйымдастырылды. Мерекелік кешті тамашалауға келген қала тұрғындары мен қонақтарына өңірімізге белгілі өнерпаздар өз өнерін көрсетіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал мерекеден әдемі әсер алған тұрғындар барша қазақстандықтарды мерекесімен құттықтады

Мақталы Абубакирова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Концерт, көрме бәрі ұнады. Республика күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын»

Алма Асанбекова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Осындай мерекелер бола берсін. Қазақстанымыз тыныш, аман болсын. Мереке құтты болсын!»

Мерекенің жоғары дәрежеде өтуіне Мәдениет басқармасына қарасты барлық мекеме өз үлесін қосты. Ашық аспан астында кітапханалар мен қолөнер шеберлері көрмесі қойылып, театрлар ақын-жазушылар өмірін бейнелейтін қойылымдарын ел назарнына ұсынды.

Мәдениет үйінің 20-дан аса өнерпазы таңғы сағат 9-дан бастап қала тұрғындарына патриоттық рухтағы ән шашуын арнады.

Сайлаубек Лесбаев, Шымкент қалалық мәдениет үйі концерттік ұйымының басшысы: «Бүгін қаламыз үшін шад-шадымен мереке. Араға 13 жыл салып тойлатып жатырмыз. Республика күні баршаңызға құтты болсын. Өнердің де әр түрі болады ғой. Бізде бүгін көрме орталығы өз көрмесін, қолөнершілер өз қолөнерін алып келді. Тамаша кеш болды. Бәрін тақырыпқа сай дайындадық. Көрермен де өз ыстық ықыласын жаудырып жатыр»

Көрмеге өнер саласынан бөлек медицина, агрошаруашылық, өрт сөндіру саласының мамандары да атсалысты. Мақсат қаланың техникалық әлеуеті қаншалықты дамығанын көрсету.