Төлеби: Су тазартуға арналған нысанның құрылысы жүруде

51

Төлеби ауданындағы елдімекендердің 98,2 пайызы орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылған.

Аудан орталығы Леңгір қаласы халқын таза ауыз сумен қамту мақсатында су тазартқыш ғимараты салынуда. Мамандар келер жылдың ортасында нысан пайдалануға тапсырылса, жергілікті халық барлық санитарлық талаптарға сай сапалы су ішетінін айтады.

Төлеби ауданы Алатау ауылдық округіне қарасты Көктерек ауылында су тазартқыш ғимаратының құрылысы ағымдағы жылдың сәуірінде басталған болатын. Стратегиялық маңызы бар нысанның құрылысы тапсырыс беруші -тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің қадағалауында.
Әміржан Нұпбаев, мердігер мекеменің бас инженері: «Құны 620 млн. теңгеге  700 текше метр су тазартатын  2 резервуар салынды. Келер жылы мамырда пайдалануға тапсырамыз. Сонда леңгірліктер  барлық талаптарға сай  сапалы ауыз су  ішетін  болады. Құрылыс кестеге сәйкес жүріп жатыр, қаржы толық игерілуде».

Ия, көктемгі жауында орталықтандырылған су жүйесінен лай суды пайдаланып келген Леңгір қаласы тұрғындарының жан айқайы президентке де жеткен болатын. Мәселе үкіметтің бақылауына алынып, тез арада қаржы бөлініп, жаңа су тазартқыш ғимаратының құрылысы басталып кеткен. Жұмыс қазіргі таңда қарқын ала жалғасуда.

Мақсат Жұмабаев, Төлеби аудандық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы: «Нысан өтпелі, 2023 жылдың 6-7 айларында толық аяқталады. Леңгір қаласының  халқы лайланған су емес,  тап таза су қолданады».

Төлеби ауданындағы 55 елдімекеннің 54-і орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылған. Қалған Жаңакүш ауылына ауыз су құбырын жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжат әзірленіп, құрылысы 286. 7 млн теңгеге мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Бұл жобаны келер жылға қаржыландыру үшін тиісті салалық басқармаға құжаттары ұсынылды.