Úı ANONS Студенттер заманауи симуляциялық технологиялар арқылы кәсіби дағдыларын жетілдіреді

Студенттер заманауи симуляциялық технологиялар арқылы кәсіби дағдыларын жетілдіреді

Төлеби ауданындағы медициналық колледжде студенттер тек теориямен шектелмейді. Олар заманауи симуляциялық жабдықтар мен оқу муляждарының көмегімен тәжірибелік дағдыларды да меңгеріп жатыр. Мұндай әдіс болашақ мамандарға денсаулық сақтау саласында кәсіби деңгейде қызмет етуге жол ашады.

 

Төлебидегі медициналық колледжде студенттер ұрықтың жатырдағы орналасуын және босану үдерісін арнайы муляждың көмегімен үйренеді. Осылайша болашақ дәрігерлер заманауи симуляциялық технологиялар арқылы кәсіби дағдыларын жетілдіреді. Практикалық дайындықтың маңызды бөлігі саналатын бұл муляждан бөлек, оқу орнында пластикалық науқастарда  қолданылады. Олардың көмегімен студенттер хирургиялық оталарды және түрлі емдеу әдістерін тәжірибе жүзінде меңгереді.

 

БЕКТАЕВ ЕРЛАН,  «МЕЙІР-БЕЙС» МЕДИЦИНАЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ӨКІЛІ: «Бізде биылғы жылы 75 студентке грант бөлінді. Сол қазір грантта 75  студент оқып жатыр. Ал медициналық бағытта 500-ге жуық студенттеріміз оқып жатыр. Бұл нысанда біз 2 жыл оқып жатырмыз»

 

Бұл оқу орнында денсаулық сақтау саласына қажетті мамандар даярланады. Олардың қатарында фельдшерлер, акушерлер, медбикелер, стоматологтар, тіс техниктері және фармацевтер бар. Білім беру процесі заманауи стандарттарға негізделіп, қазіргі заман талаптарына сай жүргізіледі.

 

Мұнда практикалық дайындыққа айрықша көңіл бөлінеді. Бұл медицина  саласын бала кезінен арман еткен студенттерге ерекше мүмкіндік. Екінші курс студенті Камилла Фазилова сол себепті де осы мамандықты таңдаған екен.

 

КАМИЛЛА ФАЗИЛОВА,  «МЕЙІР-БЕЙС» МЕДИЦИНАЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: «Бізде тек лекция болмайды. Практикалық өтеді сабақтар. Өте қызық өтеді. Тек мұғалімдер емес, директор өздері сабақтар өтеді. Өте қызық»

 

Студенттер үшін жаңа оқу корпусында барлық жағдай жасалған. Мұнда заманауи аудиториялар, 100 орындық акт залы, спорт кешені және конференц-зал бар. Сонымен қатар студенттер өңірдегі дәрілік өсімдіктерді зерттейді. Бұл фармацевтерге болашақта дәрілік препараттардың құрамын жақсы меңгеруге мүмкіндік береді.

 

ГҮЛНҰР МАҚСҰТОВА,  «МЕЙІР-БЕЙС» МЕДИЦИНАЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ: «Біздің жер аумағымыз үлкен болғандықтан, алдағы уақытта ботаникалық бақ ашуды жоспарлап отырмыз. Онда аймақта кездесетін дәрілік шөптер өсіріледі. Студенттер сол өсімдіктерді тікелей зерттеп, оқу үдерісінде қолдана алады»

 

Колледждің тағы бір мақтанышы — кітапхана. Мұнда құнды медициналық және классикалық әдебиеттермен бірге студенттердің өз еңбектері де сақталған. Оқу орны денсаулық сақтау саласына қажетті мамандарды даярлауды жалғастырып, тәжірибеге негізделген оқыту мен заманауи әдістерге ерекше көңіл бөледі.

Лаура Бабас