Төлеби ауданында апта басында басталған жауынның арты қарға ұласты. Қолайсыз ауа-райы таулы аймақтарында тұратын ауыл тұрғындарын біраз әбігерге салды. Мәселен, бес мыңға жуық тұрғыны бар Қасқасу ауылы түнді электр жарығынсыз өткізді.
Төлеби ауданына қарасты Қасқасу ауылының тұрғындары көмек сұрап біздің редакцияға жүгінді. Ауылдықтар кеше кештен бері электр жарығынсыз отырған. Мәселенің мән-жайын білу үшін біз Қасқасу ауылдық округінің әкіміне хабарласқан едік.
БЕКЕН МӘТКӘРІМОВ, ҚАСҚАСУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: «Қардың қалың жаууына байланысты талдардың көпшілігі сынып, электр сымдарының үстіне құлап жатыр. Бірақ энергетиктер күшейтілген режимде – күндіз-түні жедел түрде жұмыс істеп жатыр. Өзім түн бойы қасында жүрдім».
«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-не қарасты Төлеби аудандық электр желілері мекемесінің мамандар бригадасы шақырту түсе салысымен оқиға орнына бардық дейді. Анықталғандай, боран мен қалың қар салдарынан ағаштардың бұтақтары 35 және 10 киловольттық әуе электр желілеріне тиіп, олардан қоректенетін 0,4 киловольттық әуе желілері үзіліп кеткен. Апат салдарын жоюға 15 маман мен 6 техника жұмылдырылды.
Энергетиктер жергілікті билік пен тұрғындарды электр желілерінің маңында орналасқан ағаш бұтақтарын уақытылы кесіп отыруға шақырады. Себебі қыс енді ғана басталды. Синоптиктер таулы аймақтарда қалың қар мен боран болжап отыр.
ЖАНАТ ЖӘРМЕНОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК Түркістан облысы филиалының инженер-синоптигі: «Атмосфералық фронттың өтуіне байланысты қар, көк тайғақ, жәй бұрқасын күтіледі. 11 желтоқсанда желдің екпіні 23-28 м*сек жетеді».
Синоптиктердің мәліметінше Төлеби ауданындағы Шуылдақ станциясында қардың қалыңдығы 59 см жеткен.






