Жастар мәселесі, жастардың болашағы мен қоғамдағы орны елімізде қашанда маңызды мәселелер қатарынан түскен емес. Осы орайда Түркістан облысы, Ордабасы ауданында «Жаңа Қазақстан — жаңа мүмкіндіктер кезеңі!» атты жастар форумы өтті. Аталмыш форумның мақсаты жастардың өзі білімімен, еңбегімен және күш-жігерімен болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктеріне бағыт-бағдар беру.
Мінбеде алғашқы болып сөз алған қазақстандық зілтемірші, әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұлдың айтуынша бүгінде жастардың біраз бөлігі әлеуметтік желіде көп отырып, оқумен, спортқа аса қатты мән бермейді.
Қазақтың ерке қызы Жазира спорттың зілтемір көтеру түрімен айналысуды 7 жасында қолға алған екен. Оның айтуынша адам өмірінде 2 бағыттың бірін таңдайды оның бір білім болса, екіншісі спорт. Батыр қыз жастарға да осы бағыттың бірін таңдап сол бойынша дамуға кеңес берді.
Ал Шымкент қаласы Жастар мәслихатының депутаты қалалық волонтерлар корпусының президенті Жасмин Асқарқызы мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаттары мен басымдықтарын көрсетті. Жастардың өзі білімімен, еңбегімен және күш-жігерімен жеке тұлға болып қалыптасып, болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктеріне бағыт-бағдар беріп, мүмкіндіктерді көрсетті. Кіші буынды еріктілікпен айналысуға шақырып, волонтёрлықтың қаншалықты маңызы зор екендігін айтты. Жастардың бойына патриотизмды қалыптастыру, ізгілікті дамыту мақсатында өткен форумда кіші буын азаматтары спикерлерлердің баяндамасын тыңдап қана қоймай, бір-бірімен ортақ пікір алмасып, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.
Темірландық жастар ел өміріндегі елеулі өзгерістер мен жақсы жетістіктерді мүлт жібермей үнемі назарда ұстайды. Ал, форум мақсаты қазақстандық аудиторияның санасында икемдік пен ашықтықты қалыптастыру, — дейді ұйымдастырушылар.
Интизора НУСРАТУЛЛАЕВА