Жеке кәсіпкерлер салықтық есептілікті мерзімінде тапсыруы тиіс

129

Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы жеке кәсіпкерлерді салықтық есептілік нысандарын белгіленген мерзімде табыс етуге шақырады. Мамандар, талапты орындамаған азаматтарға заң аясында шара қолданылатынын ескертеді.

Әл- Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасындағы салық төлеушілермен жұмыс бөлімі өткен аптада ашық есік күнін өткізді. Мамандар шара барысында мемлекеттік қызмет алушыларға, Салық Кодексінің талаптарын, яғни салықтық есептілік нысандарын табыс ету мерзімдері және белгіленген мерзімінде табыс етпеген жағдайда, Мемлекеттік органдары тарапынан Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 272 бабына сәйкес әкімшілік жазалар қолданылатыны туралы айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Нұрсұлтан Оразбаев, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы: «Егерде мерзімінде салықтық есептілік табыс етілмесе, біріншіден ескерту жасалады. Содан кейін 30 күн беріледі. Егерде осы мерзімде  төлемесе, онда 92 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. 10 күнде төлем жасалса, тек 50 пайызын, яғни 48 мың теңге төлейді».

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Е Салық Бизнес» мобильді қосымшасы іске қосылған. Арнаулы мобильді қосымшаны оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер пайдалана алады.

Нұрсұлтан Оразбаев, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы: «Мобильді қосымшаның функционалы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, салық режимін таңдауға және өзгертуге, түбіртектер беруге, кірістер тізілімін автоматты түрде қалыптастыруға, қосымшада есептелген салық міндеттелемелерін төлеуге, оның ішінде қызметкерлер үшін, сондай-ақ, алдын ала толтырылған оңайтылған салық декаларциясын ұсынуға мүмкіндік береді».

Сондай-ақ сала мамандары тұрғындарды тауар немесе қандай да бір қызмет түрін алғанда фискалды чек талап етуге шақырады. Құқығы бұзылған жағдайда тұлға «Азаматтық бақылау- түбіртекті талап ет!» акциясына сәйкес, түбіртекті бермеген салық төлеушіге шағым түсіруге болатынын ескертеді. Ол үшін телефонына Вайпон мобильді қосымшасын жүктеп, тіркелу қажет.