“Ордабасы” клубы футболдан Қазақстан кубогының иегері атанды

36

“Ордабасы” футбол клубы 2022 жылғы маусымдағы ҚР Кубогының жеңімпазы атанды. Шымкенттік құрама араға 11 жыл салып үздіктер қатарынан көрінді. Қала мақтаныштарын әуежайдан барша жанкүйерлері ыстық ықыласпен күтіп алып, сый құрметке бөледі.

Әуежай алаңын әуенге бөлеген әскери оркестр үні, бойын қуаныш кернеген жанкүйерлер дауысы. Шымкенттіктер чемпиондарын үлкен қошеметпен қарсы алды. Ал команда капитаны Самат Шәмші жеңістің оңайға түспегенін айтады. Ол тартысты ойынның 26-минутында «Ордабасының» бірінші ұпайын ашып, есеп айырмасын қысқартты. Осылайша ордабасылықтар тарих бетінде қалды.

Самат Шәмші, “Ордабасы” футбол клубының капитаны: “Сезімді айтып жеткізе алмаймын. Ерекше сезім. 10 жылдан кейін кубок Шымкентке қайта оралды. Осы жеңіске жеткен ойыншылар, біздің тренеріміз бәрі де тарихта қалады деп ойлаймын”.

«Ордабасы» командасы араға 11 жыл салып чемпион атанды. Клуб қақпашысы «өзіміздің жеңіске жетіп, тарих бетінде қалатынымызға сендік» дейді. Теңбіл доп шеберлері ол үшін барын салып тырысқан. Себебі бұл жолы футболшылар, соңғы уақытта жабылып қалуы мүмкін болған команданың ойыншылары қаншалықты қауқарлы екенін көрсетуі тиіс болған.

Бекхан Шайзада, “Ордабасы” футбол клубының қақпашысы: “Кешегі ойында біз үшін қиын болды. Бірақ ойын соңына дейін барымызды салып ойнадық. Біз өзімізге сендік. Шымкентке осы кубокты сыйлағымыз келді. Бұл кубокты алып, тарихта қалғымыз келді”.

Шымкент мақтаныштары финалдық ойында “Астана арена” стадионында оралдық “Ақжайық” футбол клубымен кездесті. 118 минутқа созылған тартысты ойында Ордабасы 4:5 есебімен жеңіп, ҚР кубогының жеңімпазы атанды. Чемпиондарды қала тұрғындары Әл-Фараби алаңында зор құрметпен күтіп алды.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: “ҚР кубогымен құттықтаймыз. «Орбадасы» командасы сіздерді Шымкент қаласы әкімінің атынан және барша шымкенттіктер атынан құттықтаймыз”.

Бауыржан Абдубаитов, “Ордабасы” футбол клубының президенті: “Өздеріңізге белгілі биылғы жылды өте қиын жағдайда бастадық. Біздің құрамада өзіміздің шымкенттіктер, «Ордабасының» өзінде жаттығып шыққан балалар. Соған қарамастан өз күшімізді жақсы көрсетіп шықтық. Маусым басталғанда мұндай жеңіске жетеміз деп ойламадық. Бірақ осыншама еңбек пен жерлестеріміздің тілегінің арқасында 10 жыл күткен ҚР кубогын жеңіп алдық. Өте қуаныштымыз”.

Мемлекет басшысы спорт саласына барынша көңіл бөлуге тапсырма берген болатын. Бүгінде үшінші мегаполистегі барлық спортқа қатысты мекемелер чемпиондар дайындау үшін бар күшін салуда.

Ордабасы командасы қазақ футболы тарихындағы ең жас құрама. Ал жарысқа 38 команда қатысты, Соның ішінде ордабасылық өрендер Қызылорда, Астана, Орал қаласының құрамасымен бақ сынасып, кубокты еншіледі.