Халықаралық іздеуде жүрген «Ордабасы» фудбол клубының бұрынғы президенті Бахтияр Байсейітовтің Түркияда екені белгілі болды. Бұл туралы «Қазинформ» ақпарат агенттігі бас прокуратураға сілтеме жасап хабарлады. Прокуратура дерегінше, Байсейітовті экстрадициялауға ресми хат жолданған. Әзірге Түркия билігіннің қандай шешімге келгені белгісіз.
«Шешім әлі келген жоқ»
БАС ПРОКУРАТУРА
Айта кетейік, Байсейітов 320 миллион теңгеден аса қаржыны жымқырды деген күдікке ілінген. Қылмыстық іс «бөтеннің мүлкін ірі көлемде, адамдар тобы болып талан-таражға салу» бабымен қозғалған. Ол футбол клубын 2017-2021 жылдары басқарған.
Айта кетейік, биыл наурыз айында бас прокуратура Қазақстанның футбол федерациясы мен бірнеше футбол клубына тексеру жүргізіп, жалпы 3 миллиард теңгенің оңды-солды жұмсалғанын анықтаған. Мысалы, негізсіз сыйақылар төленген, ғимараттар салу кезінде қаражатты мақсатсыз пайдаланған, спортшылармен күмәнді келісімдер жасалған және олардың тамақтануына бөлінген ақша жымқырылған. Прокуратура сол кезде де «Ордабасы» фудбол клубында анықталған заңбұзушылықтар туралы атап көрсеткен.
Дилара Иса






